Жаңалықтар

Мемлекет басшысына судьялар корпусының қазіргі жай-күйі баяндалды

Мемлекет басшысына судьялар корпусының қазіргі жай-күйі баяндалды
Фото: Ақорда 02.02.2024 12:38 603

Президент Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шиппті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Денис Шипп:

Жоғары сот кеңесінің 2023 жылғы қызметінің қорытындысы, еліміздегі судьялар корпусының қазіргі жай-күйі, алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады:

Кеңес былтыр Мемлекет басшысы жүктеген бірқатар міндетті жүзеге асырды. Жоғары сот кеңесін институционалдық тұрғыда күшейту және судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттіктерін уақытша тоқтату немесе мүлде тоқтату мәселелерін аталған органның құзыретіне беру жұмыстары атқарылған.

Кеңестің судьяларды іріктеу тәртібін жетілдіру, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтты:

қабылданған шаралардың нәтижесінде жаңадан тағайындалған судьялардың қатарын көбейту үрдісі сақталып отыр;

былтыр судья лауазымына алғаш ұсынылған азаматтардың саны сот жүйесінен кеткендерге қарағанда 32 адамға артық болған;

гендерлік тұрғыдан әйел судьялардың саны ер адамдармен салыстырғанда 172 адамға көп. Судьялардың орташа жас мөлшері – 46 жас, ал еңбек өтілі – 13 жыл.

іріктеу барысында ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету үшін конкурс рәсімдерін онлайн-трансляция жасау және оның қорытындысы туралы егжей-тегжейлі түсініктеме беру тәжірибесі алғаш рет енгізілді. Былтыр Парламент Сенатының қарауына енгізу үшін Мемлекет басшысына Жоғарғы Сот судьяларының лауазымына үміткерлер тізімі бірінші рет балама негізде ұсынылды;

аудандық сот төрағаларын сайлауға жаңа элементтердің енгізілуіне байланысты Президентке судья лауазымына кадр резервін жасақтау институтының рөлі күшейтілгенін жеткізді; қазіргі таңда шешім шығару барысында судьялардың заңды өрескел бұзғаны үшін күші жойылған әрбір сот актісін Сот жюриінің тексеру механизмін заң жүзінде енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге және оларды сапалы түрде іріктеуге бағытталған реформаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға