Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Akorda.kz 05.10.2024 11:08 373

Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан басшысын туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Президенттер қазақ-тәжік қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективасын талқылады. Сондай-ақ әңгімелесу барысында Қазақстан Президентінің биыл тамыз айында Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы түрде жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас тәжік халқының игілігі үшін атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметінде жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентінің екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Тараптар мемлекетаралық ықпалдастықты достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында ілгерілетуге ниетті екенін растады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға