Жаңалықтар

Мемлекет басшысы орыс тіліне қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы орыс тіліне қатысты пікір білдірді
Фото: Akorda.kz 08.11.2023 10:10 756

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне сұхбатында Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың дамуына баға берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

13 қазанда Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кезекті отырысында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойылып, жарғысы бекітілді. Мемлекет басшысы осы орайда ұйым қызметінен не күтетінін және орыс тіліне қатысты пікірін білдірді.

Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын  пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын, - деді Тоқаев.

Президент сонымен қатар халықаралық ұйым құрудағы мақсат туралы да айтты.

Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерген кезде мен әлемдік тәжірибені де басшылыққа алдым. Кезінде француз, неміс, испан және басқа да тілдерді дамыту үшін осындай халықаралық ұйымдар құрылған.

Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді. Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ.  Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды.

Биыл ТМД аумағында Орыс тілі жылы болып жарияланды. Мұның символдық мәні зор. Санкт-Петербург Достастық елдерінің 2023 жылғы мәдени астанасы болды. Ол ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Бұл ретте екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді, - деді президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға