Жаңалықтар

Мектептердегі буллингке қарсы бағдарлама пилоттық режимде жүзеге асырылмақ

Мектептердегі буллингке қарсы бағдарлама пилоттық режимде жүзеге асырылмақ
Фото: © Pixabay.com 04.02.2024 03:35 653

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және буллингке қарсы шаралар жайы талқыланды. Жиынға салалық министрліктер өкілдері, облыс әкімдерінің жауапты орынбасарлары және Балалар құқығы жөніндегі уәкіл қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz сайтына сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде зорлық-зомбылық және буллингтен жапа шеккендерге көмек беру жөніндегі кешенді бағдарлама әзірленіп жатыр. Мүдделі мемлекеттік органдар, ғалымдар, қоғам белсенділері мен сарапшылардан тұратын жұмыс тобы бұл бағытта елде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар халықаралық тәжірибені де зерттеген.

Буллингке ұшыраған немесе куә болғандарды анықтау мен оларға қолдау көрсету әдістемесі қабылданған. 111 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істеуде. Әдістемеге сәйкес мамандар қысым жасаған тараппен де, буллингке ұшыраған жақпен де жұмыс жасайды. Бұдан бөлек «Назарбаев Зияткерлік мектептерімен» бірлестікте Финляндияда оң нәтиже көрсеткен KiVa бағдарламасын пилоттық режимде жүзеге асыру көзделген. 

Алғашқы кезеңде елде 100-ден астам мектеп таңдалып, тиісті шаралар кестесі әзірленген. Әдістеме мазмұны бейімделіп, мамандар оқытылып жатыр. Пилот алдағы оқу жылынан бастап жүзеге асырылатын болады. Сынып сағаттарының тақырыптары белгіленді. Егер бағдарлама нәтижелі болса, тәжірибе өзге білім ошақтарына таратылатын болады, — деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин. 

Буллингке қарсы шаралар аясында өңірлік психологиялық қолдау орталықтарының қатарын көбейтіп, жұмысын күшейту мақсаты қойылды. Кризистік жағдайда демеу болар мекемелер елдің барлық аймағында ашылуы керек.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан келтірген дерекке сай облыстар бұл жұмысты маусым айына дейін аяқтайды. Осы ретте жергілікті әкімдіктерге бекітілген кестеге сай ұйымдастыру шараларын қолға алып, орталықтардың тиісті жабдықталуын қадағалау тапсырылды.

Зорлық-зомбылық пен буллингтен жапа шеккендерге қолдау көрсету кабинеттері мен орталықтардың жұмысы маңызды. KiVa бағдарламасын пилоттық режимде жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырамын. Оған қатысатын білім ошақтарын таңдау критерийлерін мұқият қарастыру қажет. Бұл жұмыс екі апта ішінде атқарылуы шарт. Таңдалған мектептермен шектелмей, “Назарбаев зияткерлік мектептері” базасында тиісті ұстаздарды оқыту жағын қатар қарастырған жөн. Бұған мүдделі мемлекеттік органдармен қатар, облыс әкімдіктері бірлесе араласуы қажет, — деді Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға