Мектептерде жаңа ереже пайда бола ма? Депутат амандасу әдебін енгізуді ұсынды

Мектептерде жаңа ереже пайда бола ма? Депутат амандасу әдебін енгізуді ұсынды
Фото: El.kz архиві

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр білім беру ұйымдарында амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты бөлігіне айналдыруды ұсынды. Бұл туралы ол Құрылтай отырысында айтты. Депутаттың пікірінше, сәлемдесу мәдениеті – ұлттық болмыс пен қоғамдық қарым-қатынасты айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі. Сондықтан бұл мәселе жүйелі түрде қолға алынуы керек.

Ерлан Сайыр қазақ қоғамында амандасудың өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл әдептің негізінде үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу және ағайын арасындағы байланысты сақтау секілді құндылықтар жатыр.

Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық. Сәлемдесу – мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады, – деді депутат.

Ол амандасу әдебін бір реттік акция немесе жекелеген тәрбие шарасы ретінде қарастырмау қажет екенін айтты.

Бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз, – деді Ерлан Сайыр.

Осыған байланысты депутат амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастыруға арналған нақты әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді сұрады.

Сонымен қатар ол мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді ұсынды. Бұл норманы сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-аналармен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және білім ордасындағы мәдени орта арқылы орнықтыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ депутат мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізуге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды сұрады.

Бұған дейін депутаттар елімізде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салуды ұсынған еді.

Оқи отырыңыз