Мектептегі мемлекеттік емтихан: оқушылар нені ескеруі керек

 ©El.kz/Арман Мухатов
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов

Қазақстанда 2025-2026 оқу жылына арналған қорытынды аттестацияның мерзімі бекітілді.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 2026 жылдың 29 мамыры мен 11 маусымы аралығында өтеді. Оқушылар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады.

Ал 11-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2-15 маусым аралығына жоспарланған. Бітірушілер бес емтихан тапсырады, оның біреуі ауызша форматта өтеді.

Мектеп бітіру кеші

Мектеп бітірушілерге аттестат тапсырудың салтанатты рәсімі 17-18 маусым күндері ұйымдастырылады. Министрлік мәліметінше, іс-шара мектеп ғимаратында ғана өткізіледі және ол мектеп директорының бұйрығы мен ата-аналар комитетінің келісімі негізінде ұйымдастырылады.

Осыған байланысты Алматы полициясы соңғы қоңырау қарсаңында ата-аналар мен мұғалімдерге арнайы үндеу жасады.

Алматы қалалық Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, мереке күндері бақылаудан шығатын жағдайлар жиілейді. Әсіресе жасөспірімдердің қала сыртындағы коттедждерді жалға алуы, алкоголь тұтынуы, көлікпен қауіпті серуендеуі және кортеж ұйымдастыруы алаңдаушылық тудырып отыр.

Жасөспірімдер әсерлі видео түсіреміз деп жол ережесін бұзғанда, оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Біз күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Алайда ата-аналар мен педагогтердің көмегінсіз балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Балаларды қараусыз қалдырмауға, көлікпен жүруіне жол бермеуге және үнемі байланыста болуға шақырамыз, – деді Тимур Ноғайбаев.

Полиция өкілдері негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын қауіпті жағдайларға жол бермеу екенін атап өтті.

Сондай-ақ ата-аналар мен мұғалімдерге түлектермен алдын ала қауіпсіздік ережелері туралы әңгімелесу ұсынылды.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кештеріне қатысты талаптарды да нақтылаған болатын. Атап айтқанда, мектептен тыс жерде бітіру кешін өткізуге тыйым салынған. Сонымен бірге оқушылардан, ата-аналардан немесе заңды өкілдерден ақша жинауға да қатаң шектеу қойылған.

ҰБТ-ға қатысты өзгерістер

Ал жоғары білім саласында алдағы жылдары жаңа өзгеріс күтіліп отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ҰБТ-ға балама болатын жаңа емтихан форматы енгізілетінін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2026 жылы тестілеу бұрынғы жүйемен өтеді және ешқандай өзгеріс болмайды.

Биыл ешқандай өзгеріс жоқ, бәрі алдын ала бекітілген жоспар бойынша өтеді. Қазір негізгі ҰБТ кезеңдері басталады, – деді Саясат Нұрбек.

Ал 2027 жылдан бастап пилоттық режимде AIT (Admission Insight Test) деп аталатын жаңа тест енгізіле бастайды.

Министрдің сөзінше, жаңа емтиханды әлемдегі жетекші тестілеу компанияларының бірі – ETS әзірлеп жатыр. Компания өкілдері қазақстандық жоғары оқу орындарымен алғашқы кездесулер өткізу үшін Астанаға келген.

Сонымен қатар министр сынақ тестілеу форматтары сақталатынын айтты.

Көпшілікті «сынақ тестілері алынып тасталады» деген мәселе алаңдатты. Бірақ ол формат сақталады. Бұл оқушылардың әлсіз тұстарын анықтауға көмектесетін тиімді құрал, – деді министр.

Саясат Нұрбек жаңа тестілеудің басты артықшылығы – халықаралық деңгейде мойындалатынында екенін атап өтті.

ETS – жоғары сапа стандартымен танылған компания. Сондықтан олардың тест нәтижелері автоматты түрде шетелдік университеттер мен Қазақстандағы халықаралық жоғары оқу орындары тарапынан қабылдануы мүмкін, – деді министр.

Оқи отырыңыз