Белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов жастарға мектептегі негізгі білімге жауапкершілікпен қарауға кеңес берді. Оның айтуынша, оқушылар математика, физика және химия секілді пәндерді жақсы меңгеруі маңызды.
Кәсіпкердің пікірінше, мектеп қабырғасында қажетті білім мен дағдыны қалыптастырмаған адамға болашақта үлкен жетістікке жету қиын болуы мүмкін. Сондықтан ол жастарды білім алуға мектеп кезінен бастап мән беруге шақырды.
Жанықұлов Қазақстанға нақты мақсаты бар, білімге ұмтылатын және ой-өрісі кең жастар қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ұстаздардың рөліне де ерекше тоқталды.
Оның сөзінше, мұғалімдер баланың болашағына негіз қалайды. Жастардың білімі мен жетістігі мектептен басталатындықтан, елдің келешегін қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі айрықша маңызға ие.
Оның айтуынша, кәсіп ақшадан емес, амбициядан басталады.
«Барлығын ақшаға әкеп тірей берудің қажеті жоқ. Себебі мұндай оймен нәтижеге бара алмайсың. Бұл дүниеге кең өріспен қараған абзал. Барлығы адамның амбициясы мен өз жолыңды салуға деген ниеттен туады. Кез келген ірі кәсіпкердің бастапқыда миллион доллар капиталы болған жоқ. Мұның бәрі кішігірім идея мен мықты коммуникациядан басталады. Ал адамда идея туындауы үшін білім көкжиегі кең болуы керек» деп, белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов кәсіпте табысты болғысы келетін жастарға өз кеңесін айтты.
Сондай-ақ оның айтуынша, Қазақстандағы кәсіпкерлер қырықына шыдап, қырық біріне шыдамайды.
Қазақстандағы кәсіпкерлер жұмыстың 95 пайызын жасап, соңғы 5 пайызына шыдамай тоқтап қалады. Сондықтан оған дейінгі жүріп өткен үш жылдық, бес жылдық жұмыстың пайдасы көкке ұшып кетеді. Сондықтан соңына дейін бару керек! Тек Қазақстандағы ғана емес барлық жердегі кәсіпкерлердің проблемасы бастаған жұмысының нәтижесін көрмейді. Сондықтан жастарға айтарым бастаған жұмысты зая кетірмей, нәтижесін көру керек! Себебі шықпайтын шың, аспайтын тау жоқ», - деді белгілі кәсіпкер және қоғам қайраткері Жұмабек Жанықұлов.