Жаңалықтар

Мектепте орамал тағуға қай елдерде рұқсат берілген?

Мектепте орамал тағуға қай елдерде рұқсат берілген?
Фото: © Getty IMAGES 15.09.2023 18:00 3893

Апта басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты өз мәлімдемесін жариялады. Кейіннен Мүфтияттың тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсін ұсынғаны белгілі болды. Мәселеге қатысты әлеуметтік желіде жұрттың пікірі екіге жарылды. Осы орайда мектеп оқушыларына орамал тағуға рұқсат беру және жабық киімдерді киюге қатысты әлем елдерінде қалыптасқан ахуалға шолу жасадық.

Өзбекстан

Жақында Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы қоғамдық орындарда адамның бетін тұмшалайтын немесе адамды тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салуды ұйғаратын түзетуді тиісті заңнамасын енгізді. 

«Қоғамдық орындарда азаматтардың жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киім кигендер үшін әкімшілік жауапкершілік шарасы енгізілуде», - делінген хабарламада.

Аталмыш заң жобасы сенатқа (парламенттің жоғарғы палатасы) бекітуге жіберілді. Сондай-ақ, қылмыстық және әкімшілік кодекстерге азаматтардың  ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни сенімі бойынша артықшылығын немесе кемшілігін насихаттағандарға, некелері тіркелмеген адамдар арасында неке қиюдың діни жоралғысын жасағандарды, заңсыз жолмен некелесіп, екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұрғандарды, әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын ашық жоққа шығарғандарды жауапкершілікке тартуға қатысты өзгерістер енгізілуде. Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы қабылдаған заңды сенат мақұлдап, президент қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.

Қырғызстан

Қырғызстанда қоғамдық орындарда бетті толығымен жасыратын паранжа киюге тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенешінің отырысында депутат Шарапаткан Мәжитова мәлімдеді. Соңғы кездері елде орамалдың орнына бет-жүзін толығымен бүркейтін қара паранжа киетін әйелдер саны өскен. Ш.Мәжитова Қырғызстан Өзбекстаннан үлгі алып, қоғамдық орындарда адамның бетін жасырып, тұлғасын анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салатын дәл осындай заңды қабылдауы керек деп санайды.

«Мен әйелдердің орамал тағуына қарсы емеспін. Сонымен қатар, қоғам үшін өзін танытуға мүмкіндік бермей, беттерін қара жамылғымен жабуды қауіпті деп санаймын. Бұл ұлттық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты министрлер кабинетінен мемлекеттік деңгейде шаралар қабылдауды сұраймын», - деді депутат.

Франция

2004 жылы Франция мемлекеттік мектептерде көрінетін діни рәміздерді, соның ішінде хиджабты киюге тыйым салатын заң шығарды. Заң кресттер мен еврей киптері сияқты басқа діни рәміздерге де қатысты қабылданды. 2010 жылы білім беру саласында жұмыс істейтін адамдарға діни киімдерді киюге тыйым салу да заңмен бекітілді. Жақында француз үкіметі араб елдерінде киім үстіне киетін дәстүрлі абайяға мектептерде тыйым салынатынын хабарлады. Оқу жылының басында Франция мемлекеттік кеңесі мұндай тыйымды ресми қабылдады. Жоғарғы әкімшілік сотының мүшелері бүкіл денені жауып тұратын киім киюді «діншілдік көрінісі» деп есептейтінін жеткізді.

Түркия

Түркияда мемлекеттік оқу орындарында, соның ішінде мектептер мен университеттерде хиджаб киюге мүмкіндік беретін саясат бар. 2014 жылы түрік үкіметі оқытушылар мен студенттерге мектептер мен университеттерде хиджаб киюге рұқсат беру арқылы оқу орындарындағы діни киімге қатысты саясатқа өзгерістер енгізді. Бұған дейін Түркияның мемлекеттік мектептерінде ондаған жылдар бойы хиджаб киюге тыйым салынған болатын. Ал 2022 жылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ел конституциясында әйелдердің мемлекеттік қызметте, мектептер мен университеттерде хиджаб кию құқығын бекіту мәселесін референдумға шығаруды ұсынды.

АҚШ

Америка Құрама Штаттарында мектептерде және қоғамда хиджаб (және басқа діни киімдер) кию АҚШ Конституциясымен кепілдендірілген діни бостандық принциптерімен реттеледі. мемлекеттік мектептердегі оқушыларға діни сенімдеріне сәйкес хиджаб киюге рұқсат етіледі. егер бұл Білім беру процесіне кедергі келтірмей, жеке басына қауіп төнбесе мектептер оқушыларға діни киім киюге тыйым сала алмайды. Кейбір мектептерде діни киім киюге қатысты өз ережелері мен саясаты болуы мүмкін. Алайда, бұл ережелер конституциялық құқықтарды бұзбайтын және кемсітушілікке жол бермейтін етіп тұжырымдалуы керек.

Швеция

Құран кітапты өртеу акциясын өткізген Швеция орамал тағуды шектеу – сөз бостандығын шектегенмен бірдей екенін мәлімдеді.  2022 жылдың соңында Швецияның Жоғарғы әкімшілік соты жергілікті биліктің орамал тағуға немесе басқа да діни бұйымдарды киюге тыйым салуға заңды мүмкіндігі жоқ деген шешім шығарған.

Сот қолданыстағы заңдар студенттердің діни көзқарастарын білдіру құқығын қорғайтынын анықтады.

Швеция парламенті адамдардың қоғамдық орындарда бастарын жабуға тыйым салатын жаңа заң қабылдауға негіз таппады. Швеция әділет министрі сол кезде «Орамал тағу құқығын шектеу - сөз бостандығын шектеу болып саналатынын» айтты.

Ұлыбритания

Ұлыбританияда мектептерде әдетте діни киім киюге рұқсат етілген. Қыздар хиджаб киюге құқылы, бірақ білім беру мекемелерінің ережелері мен нұсқаулары болуы мүмкін. Себебі, бұл елде мектеп формасына қатысты шешімді әрбір оқу орны өзі қабылдайды. Қабылданған ереже Адам құқықтары және Теңдік туралы заңға сәйкес келуі керек. Мысалы, мұсылман қызының хиджаб киюіне тыйым салу немесе белгілі бір ұлт өкілдеріне қатысты шаш үлгісіне тыйым салу кемсіту деп саналуы мүмкін. 2021 жылы Лондондағы Pimlico академиясының директоры оқушылардың түрлі-түсті хиджаб пен афро шаш үлгісіне тыйым салғаннан кейін басы дауға қалды. Жаппай ереуілдер туындап, қызметінен кетуге мәжбүр болды. Мекеме басшысы нәсілшілдік танытты деп айыпталды.

Германия

Германия дін бостандығын азаматтардың негізгі құқықтарының бірі ретінде таниды. Бұл оқушы қыздардың діни сенім бостандығына, соның ішінде мектептерде хиджаб сияқты діни киім киюге құқығы бар дегенді білдіреді. Сонымен бірге Германияның кейбір федералдық штаттарында экстремистік идеологияны насихаттайтын деп түсінуге болатын діни рәміздер мен киімдерді киюге тыйым салынған. Бұған паранжа (бетті толық жабу) немесе басқа ұқсас киімдерді киюге тыйым салу кіруі мүмкін. Діни киімдерді кию ережелері әр мектепте әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір мектептер хиджабқа шектеусіз рұқсат берсе, басқалары өз ережелерін белгілеуі мүмкін. Кейбір жағдайларда мектепте хиджаб кию туралы шешімдерге соттарда шағымдануға болады. 2020 жылдың қаңтарында Гамбург соты 16 жастағы студентке сабақта никаб киюге рұқсат берді. Бұл киім бүкіл бас пен бетті жауып, тек көзді ашық қалдырады.

Косово

Косово халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтыны белгілі. Бірақ елде  2010 жылдан бері мұсылмандардың орамал тағуына тыйым салынған. Балқан еліндегі ислам бірлестіктері оны кемсітушілік деп атап, заңды жоюды үнемі талап етеді. Имам Лябинот Маличи Косово билігіне мектептерде хиджаб киюге тыйым салуды алып тастауға шақырды. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Маличи мұндай өтінішті тікелей Премьер-Министр Альбин Куртиге жолдады.

Ол бұған дейін азаматтардың барлық өтініштерін қанағаттандыруға уәде берілгенін және Косово мұсылмандарының хиджаб киюге рұқсат беру туралы жиырма жылдық талабын орындауды талап еткенін атап өтті. Маличидің айтуынша, хиджаб киюге тыйым салу қыздардың білім алу және діни бостандық құқығына нұқсан келтіру болып табылады

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға