Мектепке дайындық: базар мен маркетплейстің қайсысы тиімді?

Мектепке дайындық: базар мен маркетплейстің қайсысы тиімді?
Фото: El.kz архиві

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Биыл Қазақстанда 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Ал ата-аналар үшін тамыз – баласын жаңа оқу жылына дайындап, отбасылық бюджетті қайта есептейтін кезең. Мектеп формасы, аяқ киім, сөмке мен кеңсе тауарларын қосқанда шығын қаншаға жетеді және қажетті заттарды базардан алған тиімді ме, әлде маркетплейстен бе? El.kz қазіргі бағаларды салыстырып көрді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, ал 23 мыңдайы жекеменшік білім беру ұйымдарында оқиды. Мектепке дайындық құжат тапсырумен ғана шектелмейді.

Кей ата-ана жаңа оқу жылына қажетті заттарды шілдеден бастап жинаса, енді бірі шығын тамыздағы отбасылық бюджетке салмақ түсірмеуі үшін бірнеше ай бұрын ақша жинай бастайды. Өйткені оқу жылы жақындаған сайын мектеп формасы, аяқ киім, сөмке мен кеңсе тауарларына сұраныс артады.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Мектеп формасы қанша тұрады?

Биыл мектепке қажетті киім-кешектің бағасы да өскен. Мәселен, Алматыда мектеп формасының құны өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға қымбаттаған. Былтыр пенжек, шалбар немесе белдемше, кеудеше мен екі жейдеден тұратын базалық жиынтықты кемінде 40 мың теңгеге жинауға мүмкіндік болса, биыл оның құны 46–50 мың теңгеге жеткен. 

Дегенмен нақты шығын киімнің қай жерден сатып алынатынына, сапасына және брендіне қарай өзгереді. Қазір ұл балаларға арналған пенжек орта есеппен 18 мың теңге тұрады. Шалбардың бағасы 6 мыңнан 15 мың теңгеге дейін барады. Ақ жейдені базардан шамамен 5 мың теңгеге кездестіруге болса, дүкендерде бағасы 10 мың теңгеге дейін жетеді.

Қыз балаларға арналған жейде мен белдемше 5–10 мың теңге аралығында, ал жемпір 8–15 мың теңгеге саудаланып жатыр. Осылайша, тек негізгі мектеп киімдерінің өзіне шамамен 30 мыңнан 78 мың теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін. Бұған дене шынықтыру сабағына арналған форма, спорттық аяқ киім, галстук, бантик және басқа да керек-жарақтар кірмейді.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Ең қымбат шығынның бірі – аяқ киім

Мектепке дайындық кезінде қалтаға салмақ түсіретін заттардың бірі – аяқ киім. Қазір оның бағасы кемінде 15 мың теңгеден басталады. Былтыр мұндай аяқ киімді шамамен 13 мың теңгеге сатып алуға болатын. Мектеп сөмкесінің бағасы да сауда орнына байланысты. Базарлар мен дүкендерде сөмкелердің құны 7 мың теңгеден басталса, маркетплейстерде 3–4 мың теңге шамасындағы нұсқалар да кездеседі.

Сөмкенің ішін толтырудың өзі бөлек шығын. Дәптер, қалам, қарындаш, пенал, сызғыш, бояу және өзге де кеңсе тауарларының бағасы биыл 5,3 пайызға өскен. Бір балаға қажетті негізгі оқу құралдарын жинауға шамамен 20 мың теңге жұмсалуы мүмкін.

Фото: El.kz инфографикасы
Фото: El.kz инфографикасы

Базар ма, маркетплейс пе?

El.kz бір баланы мектепке дайындауға қажетті негізгі тауарлардың базардағы және маркетплейстердегі орташа бағасын салыстырып көрді. Есепке пенжек, шалбар, ақ жейде, белдемше, жемпір, спорттық киім, мектепке және дене шынықтыру сабағына арналған аяқ киім, сөмке мен кеңсе тауарлары алынды. Базардағы орташа бағамен мұндай жиынтық шамамен 122 мың теңгеге шықты. Ал маркетплейстердегі ұқсас тауарларды жинағанда жалпы сома шамамен 107 мың теңгені құрады.

Яғни біздің салыстыруымызда маркетплейс арқылы сатып алу шамамен 15 мың - 20 мың теңгеге арзан шықты. Әсіресе айырмашылық мектеп сөмкесі мен спорттық аяқ киімде байқалады. Дегенмен бұл маркетплейс барлық жағдайда тиімді деген сөз емес. Баға тауардың сапасына, брендіне, сатушыға, акцияларға және жеткізу құнына қарай өзгеруі мүмкін.

Базардың басты артықшылығы – тауарды көзбен көріп, сапасын тексеріп, киімді балаға өлшеп алып, сол сәтте сатып кетуге болады. Кей жағдайда сатушымен келісіп, бағасын түсіруге де мүмкіндік бар. Маркетплейсте, керісінше, бірнеше сатушының бағасын жылдам салыстырып, арзанырақ нұсқаны таңдауға болады. Алайда киімнің өлшемі сәйкес келмеуі немесе тауардың сапасы күткендегідей болмауы ықтимал.

Сондықтан ең тиімді тәсіл – барлық затты міндетті түрде бір жерден алу емес, бағаларды салыстырып, әр тауарды қолайлы жерден таңдау.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Ата-аналар 100 мыңнан 250 мың теңгеге дейін жұмсайды

Нарықтағы ең төменгі бағаларды есептегенде бір баланы мектепке дайындауға 50–60 мың теңгеден басталатын қаражат қажет. Бірақ баланы толық киіндіріп, аяқ киім, спорттық форма, сөмке мен оқу құралдарын түгел жаңадан алған жағдайда шығын бірнеше есе өсуі мүмкін.

El.kz тілдескен ата-аналардың айтуынша, бір баланы мектепке дайындауға кететін қаражат көбіне 100 мың теңгеден асады.

Қазір бір балаға 200–250 мың теңгедей кетеді. Күздік формасы, қыстық формасы, жейдесі, оқу құралдары бар. Бәрін қосқанда осындай сома шығады, – дейді тұрғындардың бірі.

Екінші ата-ана шығынды шамамен 100 мың теңгеге бағалады.

Орташа есеппен бір балаға 100 мың теңгедей кетеді, – дейді ол.

Бірнеше баласы бар отбасылар үшін мектепке дайындықтың қаржылық салмағы тіпті артады.

Үш баламды алып келдім. Шамамен 100 мың теңгеге есептеп отырмын, – дейді тағы бір тұрғын.

Демек мектепке дайындықтың нақты құны әр отбасының қажеттілігі мен таңдауына байланысты. Бір ата-ана былтырғы киім мен сөмкені қайта пайдаланса, екіншісі баласына қажет заттардың барлығын жаңадан алады.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Мектеп жәрмеңкелерінен де алуға болады

Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің бірқатар қаласында мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, Астана

да 1–31 тамыз аралығында қаланың барлық ауданында мектеп жәрмеңкелері өтеді. Онда тұрғындар жаңа оқу жылына қажетті киім-кешек, кеңсе тауарлары мен басқа да керек-жарақтарды қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Бұл да ата-аналар үшін базар, дүкен және маркетплейстегі бағамен салыстырып, тиімді нұсқаны таңдаудың бір мүмкіндігі.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

450 мыңға жуық балаға көмек көрсетіледі

Мектепке дайындық әсіресе бірнеше баласы бар және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар үшін айтарлықтай қаржылық салмақ болуы мүмкін. Елімізде 1 тамыздан қыркүйектің соңына дейін дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Биыл бұл мақсатқа 20 миллиард теңге бөлініп, республика бойынша 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланған.

Мектепке дайындыққа кететін шығын отбасының мүмкіндігі мен таңдауына қарай ондаған мыңнан бірнеше жүз мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан қажетті заттардың тізімін алдын ала жасап, базар, дүкен, жәрмеңке мен маркетплейстердегі бағаларды салыстыру отбасылық бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ал қай жерден сатып алған тиімді деген сұраққа бір ғана жауап жоқ. Біздің салыстыруда маркетплейс арзанырақ шыққанымен, базардың да өзіндік артықшылықтары бар. Сондықтан ата-ана үшін ең ұтымды жол – бағаға ғана емес, сапа мен қажеттілікке де мән беріп, әр тауарды тиімді жерден таңдау.

Оқи отырыңыз