Жаңалықтар

Мектепке балтамен келген баланы ұстаған оқушылар марапатталды

Мектепке балтамен келген баланы ұстаған оқушылар марапатталды
Фото: polisia.kz 17.03.2023 14:07 741

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде қауіпті жағдайда батылдық танытқан екі петропавлдық оқушыны марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

№4 қалалық орта мектептің екі жоғары сынып оқушысы Нұрислам Сандыбай мен Алдиар Нұртаев, сондай-ақ олардың аналары облыстық полиция басшылығының атынан алғыс хатпен марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, 13 ақпан күні таңертең Петропавл мектебінде төтенше жағдай орын алды. 9-сынып оқушысы балтамен үш оқушыға дене жарақатын салды. Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды.

Полиция мен дәрігерлер келгенге дейін шабуылдаушы жасөспірімді екі орта мектеп оқушысы: Нұрислам мен Алдиар ұстап алып, қауіпті жағдайдың алдын алды. Қазір осы қылмыс фактісі бойынша тергеушілер істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Ұлдар мен олардың аналары Айсұлу Сандыбаева мен Айман Нұртаеваға алғыс хат пен сыйлықтарды СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев салтанатты түрде табыс етті.

Қанат Айтбаев әрбір ересек адам қажетті шараларды жедел жағдайда қабылдай ала бермейтінін, алайда Нұрислам мен Алдиар бірнеше секунд ішінде бағдарланғанын; осылайша өзін және басқа балаларды қауіп-қатерден қорғағанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға