Жаңалықтар

Мектеп жасындағы 700 мыңнан астам бала өмірінде бір рет болсын бәс тіккен - депутат

Мектеп жасындағы 700 мыңнан астам бала өмірінде бір рет болсын бәс тіккен - депутат
Фото: © Pixabay.com 20.10.2023 19:07 664

Елімізде 8,4 миллион азаматқа 18,1 триллион теңге несие берілген. Бұл туралы «Respublica» партиясының депутаттары мәлімдеді, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде 8,4 миллион азаматқа 18,1 триллион теңге несие берілген. Осы азаматтардың арасында 90 күннен артық 2 триллион теңгеге міндетін орындамаған адам саны 1,8 миллионды құраған. Бұл жағдай тек банк, қаржы ұйымдарына тиімді. Екінші деңгейдегі банктер несиені 20-58%-ға дейін берсе, микроқаржы ұйымдары жылына 1000%-ға дейін несие беріп бір пайда тапса, 2023 жылы 12,7 триллион теңгеге транзакция жасап, әр аударымға 1-3%-ға дейін комиссия алған, – деді депутат Руслан Берденов.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, сайлаушылармен кездесу кезінде ең көп көтерілетін мәселе – несие және құмар ойындары. Агрессивті букмекер жарнамасы, жылдам қолжетімді несие экономикалық белсенді азаматтар санының күрт төмендеуіне, қаржылық қиындықтарға, жұмыссыздар санының өсуіне апарып соқтырары сөзсіз. Тіпті ажырасудың жиілеп кетуіне де осындай құмар ойындар себеп.

Тұтынушы несие нарығының кері көрсеткішінің басым бөлігін лудомандар құрайды. Олар бәс тігу үшін бәріне дайын. Несие алу, құқықбұзушылық, алаяқтық, тіпті ауыр қылмыс жасап жатыр. Еліміздегі 157 000 құқық бұзушылықтың 20%-ы немесе 31 000-ы құмар ойындары кесірінен жасалған, ал ажырасудың 38%-ның себебі құмар ойындары. Ырысы төгілген жанұяның ауыртпашылығына кім жауап бермек, – деді Берденов.

Өкінішке қарай, құмарлықтың соңы отбасына қасірет әкеліп, арты қайғылы оқиғаларға соқтырып жатыр. Сорақысы, қазір балалар арасында да бәс тігу көбейген.

Мектеп жасындағы 3,5 миллион баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын бәс тіккен. Бұл Қазақстандағы 1 миллионнан астам құмар ойыншы санының одан да ары өсетінін көрсетеді. Алаңдататыны 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15,5 миллиард теңгеден 2022 жылы 553,6 миллиард теңгеге дейін 35 есе өскен. Бірақ салық төлемінің мөлшері өзгермей, сол 2017 жылғы деңгейде тұрып қалған. Жауапты министрлік құмар ойындардың онлайн жүйесін жапсақ, бюджетке түсетін салық азайып қалады деген негіздеме айтады. Ал негізгі мақсат салық болса, неге 2017 жылдан бері салық мөлшерін көтеру мәселесі айтылмаған? – дейді мәжілісмен.

Сөз соңында мемлекеттің басты қазынасы адам екенін еске салған Берденов бірқатар ұсынысын жеткізді.

  • Бірінші: Онлайн құмар ойындарына толығымен тыйым салу.
  • Екінші: Букмекерлік бизнес жарнамасына толығымен тыйым салу.
  • Үшінші: Ойын бизнесі қызметтеріне салық мөлшерлемелерін көтеру. Себебі ағымдағы салық төлемдері тұрақты. Яғни қанша пайда тапса да, бір салық мөлшерін төлей береді. Айналымның ұлғаюы тек букмекерлерге тиімді.
  • Төртінші: Салық кодексіне құмар ойындары лицензиясы үшін төлемақы мөлшерін көтеру.
  • Бесінші: Корпоративтік табыс салығын ағымдағы 20%-дан 30-40%-ға көтеру.
  • Алтыншы: Букмекерлердің аппаратық программалық жүйелерін мемлекеттік табыс департаменті жүйесіне қосу. Мақсатымыз – осы бизнестің нақты айналымын анықтау, салық төлемдерінің толыққанды бюджетке түсуін қадағалау.
  • Жетінші: Әр ойыншыға жеке ID беру және зейнетақы төлем мөлшеріне  байланысты бәс тігу мөлшеріне шектеу жасау.
  • Сегізінші: Казинолар мен букмекерлер орналасқан жер телімдерінің салығын көтеру.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға