Жаңалықтар

Мектеп тапшылығы алдағы үш жылда төрт еселенуі мүмкін - депутат

Мектеп тапшылығы алдағы үш жылда төрт еселенуі мүмкін - депутат
Фото: © El.kz 14.02.2024 12:45 596

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев мектептердегі орын тапшылығы өзекті мәселеге айналып, 270 мыңнан астам орын жетіспей отырғандығын айтып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», - деген болатын.

Елімізде бала саны артып, үш ауысымда оқитын мектептер көбейген кезде Үкімет кәсіпкерлерге ұсыныс жасап, жекеменшік мектептер салуға шақырды. Осыған байланысты 2004 – 2010 жылдары жекеменшік мектептер жаппай ашылып, оқу орындарының тапшылығын шешуге оң әсер етті. Бүгінде Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданбаса, бұл көрсеткіш алдағы үш жылда 4 есеге артуы мүмкін.   Бұл мәселені шешу­дің бір жолы – жекеменшік мектептер. Сондықтан Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік оқу орындарына да бірдей көңіл бөліп, тиісті қолдау көрсетуі керек, - деп атап өтті депутат.

Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз қамтылған отбасы балаларына берілетін әлеуметтік  көмек – ыстық тамақ пен  мектеп формасымен қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу – қарастырылмаған.

Сонымен қатар, 2024 жылға дейін жекеменшік мектептерде бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ жергілікті бюджет есебінен берілетін. Ал, осы жылдан бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру тоқтатылды.Теңсіздіктің нәтижесінде тегін ыстық тамақ пен әлеуметтік көмектерден айырылған  оқушылар мемлекеттік мектептерге қайта оралуға мәжбүр. Бұл үш ауысымды мектептердің көбеюіне, жекеменшік оқу орындарының жабылуына әкеп соғады, - деп атап өтті.

Депутат осы айтылғандар негізінде Тамара Босымбекқызынан Қазақстандағы жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қойылған талаптар мен ережелерді қайта қарап, мынадай өзекті мәселелерге назар аударуды сұрады:

1. жекеменшік білім беру ұйымдарындағы бастауыш сынып оқушыларына және жоғарғы сыныпта оқитын аз қамтылған отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыру;

2. жағдайы төмен отбасы балаларына  бөлінетін барлық әлеуметтік көмекті  жекеменшік мектептердегі оқушыларға да мемлекеттік мектептердегідей  берілуін қамтамасыз ету;

3. жалпы мектептердегі тұрмысы төмен отбасы балалары мен жетім балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық және басқалай көмекті жекеменшік мектептердегі осы деңгейдегі оқушыларға да берілу мәселесін қарастыру бойынша тиісті шешімнің қабылдануына ықпал етуіңізді сұраймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға