Мектеп формасына қатысты талап: министрлік мәлімдеме жасады

Мектеп формасына қатысты талап: министрлік мәлімдеме жасады
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Қазақстандағы мектептер ата-аналарды мектеп формасын нақты бір өндірушіден немесе белгілі бір сауда орнынан сатып алуға міндеттей алмайды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде міндетті мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптар бар. Ал форманың үлгісі мен түсін әр білім беру ұйымы ата-аналармен немесе мектептің қамқоршылық кеңесімен бірлесіп айқындайды.

Ата-аналар өндірушіні өздері таңдайды. Білім беру ұйымдарына қандай да бір нақты өндірушіні ұсынуға жол берілмейді. Бұл мәселені ата-аналар өздері шешеді, – деді Шынар Ақпарова.

Егер мектеп директоры немесе мұғалім ата-аналардан форманы белгілі бір сатушыдан немесе дүкеннен сатып алуды талап етсе, олар білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментке немесе тікелей Оқу-ағарту министрлігіне жүгіне алады.

Біз міндетті түрде тиісті шаралар қабылдаймыз. Өйткені мұндай талапқа жол берілмейтіні бұйрықта нақты көрсетілген. Мұндай жағдайда білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі қаралады, – деді вице-министр.

Мектеп формасына қатысты шағымдар болған

Бұған дейін, 2026 жылдың шілдесінде Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектеп-гимназия оқушыларының ата-аналары мектеп формасының өзгеруі мүмкін екеніне және оны белгілі бір дүкеннен сатып алу ұсынылғанына шағымданған.

Облыстық білім басқармасы нәтижесінде жаңа форманың бекітілмегенін хабарлады. Сондай-ақ ата-аналарды мектеп формасын нақты бір өндірушіден, брендтен немесе белгілі бір сауда орнынан сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынатынын еске салды.

Мектеп формасына қатысты мәселе бұған дейін де қоғамда талқыланған. 2025 жылы қазақстандықтар міндетті мектеп формасын алып тастауды талап етіп, петиция жариялаған еді. Сол кезде ата-аналардың бірі мектеп форманың үлгісін ғана емес, оны сатып алатын дүкенді де белгілеп бергенін айтқан. Оның сөзінше, екі баласына арналған киім жиынтығы жейделерді есептемегенде шамамен 130 мың теңгеге түскен.

Осылайша, мектеп формасының үлгісі мен түсін білім беру ұйымы ата-аналармен бірлесіп белгілей алады. Алайда оны қай дүкеннен және қай өндірушіден сатып алу керектігін мектеп талап ете алмайды – бұл таңдау ата-ананың өз еркінде.

Оқи отырыңыз