Мектеп бітіру кеші, ақша жинау, сыйлық: министрлік қатаң ескерту жасады

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Қазақстанда биыл мектеп бітіру кештеріне қатысты талаптар қатаңдатылды. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға арнайы үндеу жасап, соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру рәсімдерін өткізу кезінде сақталуы тиіс жаңа ережелерді жариялады. Енді мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы немесе табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар ата-аналардан ақша жинау, мұғалімдерге сыйлық беру және түрлі материалдық құндылық талап ету мәселесі де қатаң бақылауға алынады.

Бітіру кештерін мектептен тыс жерде өткізуге тыйым салынды

 Оқу-ағарту министрлігі, Ішкі істер министрлігі және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, жаңа бұйрық шығарды. Негізгі мақсат – оқушылардың қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және артық шығынның алдын алу.

Биыл мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты бірқатар шектеу енгізілді.

Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханада, кафеде, банкет залында, демалыс базасында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады, – делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Сондай-ақ аттестат пен диплом тапсыру рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимаратында өтеді.

Аттестат мен диплом табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында өткізіледі, – деп мәлімдеді ведомство.

Министрлік бұл шешім білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға да бағытталғанын атап өтті.

Ата-аналардан ақша жинауға болмайды

Биылғы талаптың басты өзгерістердің бірі – ата-аналардан ақша жинауға қатысты шектеу. Оқу-ағарту министрлігі мектеп әкімшілігіне, мұғалімге немесе ата-аналар комитетіне оқушылардан қандай да бір қаражат талап етуге болмайтынын мәлімдеді.

Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан ақша жинауға, сондай-ақ салтанатты іс-шараларға байланысты сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтарды талап етуге жол берілмейді, – деп хабарлады министрлік.

Кейінгі жылдары мектеп бітіру кештерін өткізуге байланысты артық шығын мәселесі қоғамда жиі көтеріліп жүрген еді. Әсіресе, қымбат мейрамхана жалдау, асаба шақыру, фотосессия ұйымдастыру мен сәнді кеш өткізу көп ата-анаға салмақ түсіретіні айтылып келген.

25 мамырда барлық мектепте бірыңғай сынып сағаты өтеді

Оқу жылының аяқталуына байланысты 25 мамыр күні еліміздегі барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.

Сынып сағаттары барысында оқу жылының қорытындысы шығарылып, оқушылардың жетістіктері мен мектеп өміріндегі ең жарқын сәттері атап өтіледі, – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар кездесу барысында «Адал азамат» бағдарламасындағы негізгі құндылықтарға назар аударылып, білім мен ғылымның маңызы түсіндіріледі.

Оқушыларға жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі де беріледі.

Биыл 215 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді

Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, биыл Қазақстан бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.

Сондай-ақ 9-сыныпты аяқтайтын 31 мыңнан астам оқушы үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сынып бітірушілерінің арасынан 18 мыңға жуық түлек «Алтын белгі» мен үздік аттестат алуға үміткер болып отыр.

Қазір еліміздегі білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді.

Оқи отырыңыз