Францияны жарыс жолынан шығарған Испания құрамасы тағы бір жас жұлдызын әлемге танытты. Жанкүйерлер осыған дейін Ламин Ямаль туралы көбірек айтса, жартылай финалдан кейін Пау Кубарси есімі жиі атала бастады. Небәрі 19 жасында Испания құрамасының негізгі ойыншыларының біріне айналған Кубарси кім?
Ауылдан үлкен футболға дейін
Пау Кубарси Паредес 2007 жылдың 22 қаңтарында Испанияның Каталония аймағындағы Жирона провинциясына қарасты шағын Эстаньоль ауылында дүниеге келген. Бұл ауылда жүздеген ғана тұрғын өмір сүреді. Болашақ жұлдыздың балалық шағы дәл осы тыныш ауылда өтті.
Футболшы алғашқы қадамдарын жергілікті клубта бастап, кейін «Жиронаның» жасөспірімдер академиясында өнер көрсетті. Оның талантын байқаған «Барселона» скауттары 2018 жылы, яғни Кубарси 11 жасқа толғанда, әйгілі La Masia академиясына шақырады. Бұл – әлемдік деңгейдегі көптеген футболшыны тәрбиелеген академия.
Кубарси кейін бұл сәтті өміріндегі ең қуанышты күндердің бірі ретінде еске алған.
Ата-анам маған «Барселона» шақырып жатқанын айтқанда, қуаныштан жылап жібердім. Үйге жеткен соң көліктен секіріп түсіп, қуаныштан жүгіріп кеттім, – деген ол клубқа берген сұхбаттарының бірінде.
Сабырлылығымен ерекшеленетін қорғаушы
Қорғаушылардың жұмысы көбіне көзге түсе бермейді. Бірақ дәл осы позицияда ойнайтын Кубарси жасына қарамастан ерекше сенімділігімен көзге түсті.
Ол 2024 жылдың қаңтарында «Барселонаның» негізгі құрамында алғаш рет алаңға шыққанда небәрі 16 жаста еді. Бірнеше айдың ішінде негізгі құрамдағы тұрақты ойыншыға айналып, тәжірибелі футболшылардың өзін қосалқы құрамға ығыстырды.
Сарапшылардың пікірінше, Кубарсидің басты ерекшелігі – қарсыластың әрекетін алдын ала болжай алуы. Ол күшпен емес, ойынды дұрыс оқи білуінің арқасында қауіпті шабуылдардың жолын кеседі.
Атап айтсақ, кешегі матчт алдында негізгі назар Килиан Мбаппе бастаған Франция шабуылына ауған еді. Алайда ойын барысында испандық қорғаныс қарсыластың қауіпті шабуылдарын толықтай бақылауда ұстады.
Associated Press агенттігі Испания турнир барысында жеті матчтың алтауында қақпасына гол жібермегенін ерекше атап өтті. Басылым Кубарси бастаған қорғаныс шебі Мбаппе, Усман Дембеле және Майкл Олизе секілді жұлдыздардың мүмкіндігін шектегенін жазды.
Reuters болса Франция капитаны Килиан Мбаппенің матчтан кейін өз командасының ойынын «ретсіз әрі әлсіз» деп бағалағанын хабарлады. Агенттік Испанияның жартылай қорғаушылары ғана емес, орталық қорғаушылары да француз шабуылшыларына еркіндік бермегенін атап өтті.
Матч алдында Пау Кубарсиден Килиан Мбаппеге қарсы ойнау жайлы сұрағанда, ол қысқа ғана:
Мбаппеден қорықпаймын, – деп жауап берген.
Әлемдік БАҚ неге таңғалды?
Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) Кубарсиді қазіргі футболдағы ең дарынды жас қорғаушылардың бірі деп бағалайды. Ұйымның сарапшылары оның доппен еркін ойнайтынын, шабуылды қорғаудан бастап ұйымдастыра алатынын және қысым кезінде де салқынқанды әрекет ететінін ерекше атап өткен.
Ал FourFourTwo журналы оның бойы аса биік болмаса да, ойын интеллектісінің арқасында әлемдегі үздік қорғаушылардың қатарына қосылуға мүмкіндігі зор екенін жазды.
Испаниялық Mundo Deportivo мен SPORT басылымдары Кубарсиді бірнеше рет «Ла Масияның» соңғы жылдардағы ең табысты түлектерінің бірі деп атады. Сарапшылар оны бұрынғы «Барселона» капитандары Карлес Пуйоль мен Жерар Пикенің ізбасары ретінде сипаттайды.
Өзі кімді үлгі тұтады?
Пау Кубарси бала кезінен «Барселонаның» жанкүйері болғанын жасырмайды. Ол өзінің кумирлері ретінде дәл осы Карлес Пуйоль мен Жерар Пикені атайды.
Олардың ойынын көріп өскен жас футболшы бүгінде өзі сол қорғаушылар жүрген жолды жалғастырып келеді.
Кубарсидің айтуынша, кәсіби футболшы болғаннан кейін де оның өмірге деген көзқарасы өзгермеген.
Соңғы жылдар арман сияқты өтті. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – күн сайын еңбек етіп, жаңа нәрсе үйрену, – деген ол «Барселонаның» ресми сайтына берген сұхбатында.
Қарапайым өмір салтын ұстанады
Әлемдік танымалдыққа қарамастан, Кубарси өзін жұлдыз санамайды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, ол бос уақытында үй шаруасына көмектеседі, өзіне тамақ дайындайды және университетте бизнес басқару мамандығы бойынша білім алып жүр. Ал ата-анасы әлі күнге дейін туған ауылында тұрады.
Футболшы бірнеше сұхбатында отбасы оның өміріндегі ең үлкен тірек екенін айтқан.
Қызықты деректер:
- Пау Кубарси туған ауылының халқы 200 адамға да жетпейді.
- «Барселона» академиясына 11 жасында қабылданған.
- Негізгі құрамдағы дебютін 16 жасында өткізді.
- Испания құрамасында өте жас кезінде-ақ тұрақты ойыншыға айналды.
- Кумирлері – Карлес Пуйоль мен Жерар Пике.