Жаңалықтар

Мәжілісте Бюджет кодексінің жобасы қаралды

Мәжілісте Бюджет кодексінің жобасы қаралды
Фото: gov.kz 28.12.2023 02:31 1214

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа Бюджет кодексі мен оған іліспе заң жобасының негізгі бағыттары туралы баяндады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа Бюджет кодексі бірнеше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған:

Бюджеттік процесті оңайлату және оның мерзімдерін екі есеге қысқарту. Бұл қаржыландыру арқылы мемлекеттік міндеттерді неғұрлым жедел шешуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік органдардың дербестігін, жеделдігін және бюджеттік мәселелердегі тиісті жауапкершілігін арттыру шеңберінде блоктық бюджет элементтерін енгізу.

Барлық мемлекеттік қаржыны шоғырландырылған басқару және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заңнамалық негіз құру.

Бюджетаралық қатынастарды, оның ішінде өңірге қарамастан халықтың базалық игіліктер мен қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен өңірлерге бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттер мен нысаналы трансферттерді қалыптастыру процесін жетілдіру.

Бюджет процесінің ашықтығын, транспаренттілігін қамтамасыз ету және бюджетке парламенттік бақылауды күшейту арқылы бюджет қаражатының нәтижелілігін арттыру.

Жаңа Бюджет кодексін қабылдау мемлекеттік экономикалық саясатты және әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін іске асыруға оң әсер ететін болады. Жалпы, жаңа Бюджет кодексі қоғам мен мемлекеттің сұраныстарына жауап береді. Президент айқындаған үнемді әрі жауапты бюджет саясаты бағытын іске асыруға ықпал етіп, сын-тегеуріндерге жедел түрде жауап беруге мүмкіндік жасайды, - деді ҰЭМ басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға