Жаңалықтар

Мәжіліс сайлауы: Бірмандатты сайлау округтері бойынша 435 кандидат тіркелді

Мәжіліс сайлауы: Бірмандатты сайлау округтері бойынша 435 кандидат тіркелді
Фото: zh-shugylasy.kz 22.02.2023 12:00 4353

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға еліміздің 20 өңірінен 29 округ бойынша кандидаттарды тіркеу аяқталды. Ұсынылған 609 кандидаттың 435-і тіркелді. Осы тұста бірмандатты сайлау округтері бойынша тіркелген кандидаттар тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

Астана қаласынан 83 кандидат  бірмандатты жүйе бойынша сайлауда бақ сынауға кірісті. Оның ішінде танымал алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы, экс-депутат Дәулет Тұрлыханов пен Бақытбек Смағұлов, Талғат Ерғалиев, «КТК» арнасының экс-басшысы Арман Шораев және белгілі блогер, қоғам белсендісі Дәулет Мұқаев бар. 

Алматы қаласы бойынша барлығы 104 кандидат тіркелген. Кандидаттардың арасында халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Амантай қажы Асылбек, сондай-ақ белгілі заңгер әрі экс-депутат Нұрлан Жазылбеков, Қазақстан ұлттық партиясының экс-белсендісі Ақбөпе Абылқасымова және журналист Инга Иманбаева, Ермұрат Бәпи мен Динара Егеубаева да кандидаттар қатарында бар.

Шымкентте 16 кандидат бірмандаттық жүйе бойынша тіркелді. Тіркелгендер арасында экс-депутат Сәкен Қаныбековтың атын ерекше атауға болады.

Абай облысы бойынша барлығы 8 кандидат тіркелген.Кандидаттардың ішінде «Сарыарқа – Алуан» ЖШС басқарма төрағасы Нұртай Сабильянов және өзге де кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары тіркелген.

Ақмола облысында 11 кандидат, додаға түсіп жатқандар арасында экс-депутат Меруерт Қазыбекова бақ сынауға бел буған екен.

Ақтөбе облысында 16 кандидат, тізімде Жоғары Кеңестің экс-депутаты Раиса Абашованың атын көзіміз шалып қалды. 

Алматы облысы бойынша 25 кандидат тіркелген, олардың арасында қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділовтың де аты жүр екен.

Атырау облысы бойынша бірмандаттық сайлау округіне барлығы 13 кандидат тіркелді. Тіркелген кандидаттардың қатарында Атырау қаласының экс-әкімі Жалғас Ткенбаев пен экс-депутат Ирак Елекеев сондай-ақ «Сарайшық» республикалық журналының бас редакторы  Гүлзада Неткалиева бар.

Батыс Қазақстан облысы бойынша бірмандаттық депутаттық сайлауға 11 кандидат тіркелді. Тіркелген кандидаттардың қатарында белгілі заңгер Абзал Құспан мен журналист Лұқпан Ахмедияров бар.

Жамбыл облысында 15 кандидат тіркелді. Олардың ішінде экс-депутат Гүлдана Нұрымова бар.

Жетісу облысы бойынша бірмандаттық сайлау округі бойынша барлығы 15 кандидат тіркелді. Оның ішінде  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Талдықорған» жеке қайырымдылық мекемесінің басшысы Арман Сламжанұлы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Саят Нүсіпов сынды кандидаттар бар.  

Қарағанды облысы бойыншы барлығы 21 кандидат тіркелген. Оның ішінде Қазақстан Халықаралық денсаулық сақтау қорының президенті Диларам Омарова мен қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов және түрлі сала өкілдерінің басышлары кандидаттыққа тіркелген. Сонымен қатар, Қарағанды индустриялды университетінің ректоры Болатбек Абдрасилов және ауқымды корпорация басшылары Зағит Жүнісов пен Арман Қалықовты да кандидаттар тізімінен көруге болады. 

Қостанай облысы бойынша бірмандаттық сайлауға барлығы 12 кандидат тіркелді. Облыс бойынша тіркелген кандидаттардың қатарында экс-сенат депутаты Сергей Жалыбин мен Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл бар.

Қызылорда облысы бойынша бірмандаттық сайлауға барлығы 10 кандидат тіркелді. Тіркелгендер қатарында экс-депутат Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов мен экс-депутат Ғалым Амреев те бар.

Маңғыстау облысы бойынша барлығы 11 кандидат тіркелген. Облыс бойынша тіркелгендер қатарында Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулкалиев, сондай-ақ  экс-депутат Еділ Жанбыршин де тәуекелге барғалы отыр.

Павлодар облысы бойынша бірмандатты сайлау округіне 12 кандидат тіркелді. Тіркелгендер қатарында ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, Павлодар облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Зарлык Тимербекова, Бақытжан Жақсалиев пен Вячеслав Носик бар.  

СҚО-да тіркелген 13 кандидаттың қатарында танымал журналист Денис Кривошеев сынды белсенді азаматтар бар.

Түркістан облысында экс-депутат Нұржан Әлтаев сынды 21 кандидат тіркелген.

Ұлытау облысында небары 8 кандидат тіркелген. Бұл барлық өңірлермен салыстырғанда ең аз кандидат тіркелген аймақ.  Олардың арасында «Қоғамдық келісім» РММ төрағасы Қазыбек Майгельдинов сынды тәжірибелі тұлғалар да енген.

ШҚО-дан 10 кандидат, балалар құқығын қорғау бойынша қоғам белсендісі Ақсан Қаленова додаға қатысып жатыр. 

 

Дайындағандар: журналист Бақытжан Отарбаева мен Миражан Махан 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға