Жаңалықтар

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына бір күн қалды

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына бір күн қалды
Фото: Марат Амиров 17.03.2023 16:25 5535

Жаңа Қазақстанның жаңа тәртіптегі сайлауының өтуіне тұра бір тәуліктен астам уақыт қалды. Бұл жолы үлкен додаға түскендер саны 1996 жылдан бергі сайлаулардың бәрінен де жоғары рекордтық көрсеткіш болып тұр. Парламент Мәжілісінің 97 мандатына үміткер ретінде 7 партиядан 291 адам ұсынылса, ал сайлау басталды дегенде өзін-өзі ұсынғандар саны кейбір дерекке сүйенсек 1200-ден астам болыпты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Орталық сайлау комиссиясы бюллетенге енетіндердің тізімін соңғы күндері бекітті. Өйткені сайлау тәртібіне байланысты дұрыс құжат дайындамағандар тіркелмеді. Ал тіркелген соң өз жағдайын есептеп, өлшеп пісіп додадан бас тартқандар да бар.

Сайлау Мәжіліске ғана емес,  жергілікті облыс, қала, аудандық мәслихатына депутаттыққа қатар жүрді. Мұндағы үміткерлер саны 4 мыңға жуық мандатқа 25 мыңнан аса азамат қатысуға тілек білдіргені туралы деректер  де айтылды. Нақты цифрлар мен сайлау барысындағы кандидаттар іс-қимылы жайында кейінірек арнайы мамандар зерттеулерін жариялайтыны белгілі.

Үгіт насихат жұмысы әр жерде әр қилы өтті.  Үміткерлер жетістіктерін мақтанышпен айтты. Қарсыластары  оның кемшіліктерін жариялады. Бастысы Заңнан қатты аттап кетіп, дүрбелең туғызған келеңсіз оқиға тіркелмеді.  Бұл да демократиялық құндылықтарға қарай басқан алғашқы қадамымыздың жақсы жағдайда өткенінен хабар берсе керек.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына бір күн қалды

Сайлаушылар тарапынан көптеп айтылған ортақ ұғымға келетін бір сөз ол - жастардың депутаттар қатарында көп болуына тілектестік ниет болды.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!»  Дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаевтың бұл жыр жолдары жастардың ұраны іспеттес. Мемлекет тарапынан да Парламент Мәжілісінің партиялық құрамында 30 пайыз жастар мен әйелдердің болуы Заңмен бекітілді.

Жастар - болашақтың алтын діңгегі, болашаққа бастар нақты істердің темірқазығы. Ал  жастар қолдауы – мемлекеттің даму статусын жоғары көтеретін, әлемдік аренадағы еліміздің асқақ беделін айқын көрсете алатын ерекше күш.

Ай бойғы үгіт-насихат аламаны бүгін аяқталады.

Ал, ағайын, сенбідегі “тыныштықта” жақсылап тұрып тынығып алып, жексенбі күні сайлауға барайық! Таңдауымызды жасайық!

Ай бойы журналист-фотограф ретінде талай үміткерлермен жұмыс істедім. Бәрі дерлік еліміздің ертеңі кемел болса дейді. Президентіміз  Тоқаев алға қойған зор мақсат Жаңа да Әділетті Қазақстанды бірге орнатсақ деген ізгі мұратты мақсат еткен.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына бір күн қалды

Мен дауыс беретін сайлау учаскесінде әріптесім журналист Серікбол Хасан былай дейді:

«Биылғы сайлау қызық болғалы тұр. Біздің округтан Мәжіліске - 37, мәслихатқа 5 адам түсіп жатыр екен. Мәжіліске үміткерлер арасында партиялардан түскендер де, өзін ұсынғандар да бар. Біразының есім-сойы таныс, арасында өзінің бас пайдасын көксегені де, ел үшін тамшыдай үлес қосып жатқаны да жоқ емес. Біздің сайлауға барудағы мақсатымыз - осылардың ішіндегі лайықтысын қолдап дауыс беріп, лайықсызының жолын бөгеу. Биыл солай болады деп сенеміз!

Бұрынғыдай емес қазір халықтың сайлауға деген сенімі күшейіп келеді. Былтырғы Президент сайлауында біздің сайлау учаскесінде адам қарасы өте көп болды. Бала-шағасымен келгендерді де көзіміз шалды. Сайлаушылардың учаскелерге ағылуы - халықтың ел ертеңіне бей-жай қарамайтынының белгісі. Сайлаудың әділ өткені мемлекеттің мығым екенін білдіреді. Сондықтан биылғы сайлау елді біріктіретін науқан болады деп сенеміз.

Жаңа тұлғалар, лайық адамдар Мәжіліс пен мәслихат төрінен табылса екен. Елге, халыққа қызмет ететін адал, әділ, еңбекқор, табанды, жігерлі, белсенді депутаттар сайлансын деп тілейміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!», - деп пікір білдірді.

Сонымен өзім жастар қатарында болған соң замандастарыма айтарым. Ертең сайлау, дәлірек айтсам, сенбіден соң жексенбі күні! Екі ай бойғы аламанның мәреге жетер күні. Үгіт-насихат кезеңі біздің елде бұрын-соңды болмаған саяси температураны, саяси бәсеке мен құмарлықты көрсетті. Яғни сайлау күні электоратта зор белсенділікпен таңдау жасайтыны күмәнсіз. Бұл науқанда күлген де, күрсінген де сәттеріміз болды. Сайлау еліміз үшін, берекелі ертеңіміз үшін сәтті өтсін! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға