Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттығына түскен жағдайда, өзін-өзі ұсынушылар қатарынан боламын

Сайлау туралы заңгер Абзал Құспан пікір білдірді
Мәжіліс депутаттығына түскен жағдайда, өзін-өзі ұсынушылар қатарынан боламын
Фото: qazdauiri.kz 20.01.2023 14:43 1591

Президенттің шешімімен қол қойылған Жарлық күшіне енгеннен кейін, қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Бұл – Мәжілістің тарауы. Осы орайда халыққа жақын жүрген белгілі заңгер Абзал Құспанның пікірін білуді жөн санадық.

Заңгер Президенттің шешімін дұрыс деп есептейді.

«Мәжілістің таратылуы жөніндегі Президенттің шешімі дұрыс және заңды. Себебі, өткен жылы Президент өкілеттілігі ауысып, жеті жылға сайланды. Одан кейін Сенат жаңарды. Енді Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылып қайта жаңармақ. Бұл заңды құбылыс. Енді Үкімет те таратылып, қайтадан жасақталуы тиіс деп есептеймін», – дейді ол.

Сондай-ақ, заңгер Мәжілістің толық жаңаруын құптайды.

«Бұрын депутат болып, жақсы қызмет атқарғандар қайта сайлауға түсіп жеңіске жетіп жатса, оған ешкім кедергі бола алмайды. Әсіресе, қазір сайлау мажоритарлық жүйе бойынша өтетіндіктен, өзін-өзі ұсынған кандидаттардың ішінен сөз жоқ жаңа адамдар болуы қажет. Жаңа қазақстан, Әділетті Қазақстан деп, Президент жаңа концепцияны нақты көрсеткенімен, осы кезге дейін Әділетті Қазақстанды құруға атсалыса алмай, жемқорлық шырмауынан шыға алмаған бұрынғы адамдар Жаңа Қазақстанды құруға дәрменсіз деп ойлаймын», – деді.

Сарапшы елдің түсінігіндегі Жаңа Қазақстан жаңа адамдар және жаңа бейне деп санайды.

«Сөзсіз жаңару керек. Өзін-өзі ұсынғандар жаңа буын өкілдері болуы тиіс. Елдің алдында айтар ойы мен беделі барлар дер едім», – дейді.

Заңгерді Мәжілісте көргісі келетіндер көп. Әлеуметтік желі қолданушылар Мәжіліс депутатына Абзал Құспан лайық деп ұсыныс тастауда. Осыған қатысты ойын сұрадық.

«Ашығын айтсам, бұл мәселені ойластыру үстіндемін. Бүгін шешім қабылдаймын. Елдің біраз азаматтарының басын қосып, ақыл-кеңес сұрағалы отырмын. Егер мен түскен жағдайда, өзін-өзі ұсынушылар қатарынан боламын. Сайлауға қатысқан жағдайда, ешбір партияның атынан түспеймін. Ел азаматтары қолдап жатса, тәуекел етемін», – дейді Абзал Құспан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға