Ferrari 250 GTO – әлемдегі ең қымбат әрі сирек көліктердің бірі. Оның түпнұсқалары ондаған миллион долларға бағаланып, бүгінде коллекционерлер іздейтін құнды жәдігерге айналған. Ал америкалық шеберлер аты аңызға айналған спорткардың қолжетімді баламасын жасап көрді. Олар 2017 жылғы Mazda MX-5 Miata RF-тің сыртқы келбетін өзгертіп, Ferrari 250 GTO стиліне келтірген.
Қарапайым Miata-дан сирек Ferrari-дің көшірмесін жасады
Жобаны Алабама штатындағы Modern Custom Classics шеберханасының маманы Даррин Вуд жасаған. Miata-ның сыртқы пішіні түгелге жуық өзгеріп, 1960 жылдардағы Ferrari 250 GTO стиліне келтірілген.
Алдыңғы бөлігі, ұзын капоты, дөңгелек шамдары мен классикалық үлгідегі көп шабақты дөңгелектері бірден Ferrari-ді еске салады. Дегенмен бұл түпнұсқаның айна-қатесіз көшірмесі емес. Miata-ның өлшемі мен кейбір бөлшектерінен оның негізінде қандай көлік жатқанын байқауға болады.
Көліктің сыртқы келбетін өзгерту үшін көміртекті талшықтан жасалған шанақ панельдері қолданылған, олардың әрқайсысы қолдан әзірленген.
Классикалық үлгі, заманауи мүмкіндік
Көліктің сыртқы келбеті түбегейлі өзгергенімен, техникалық бөлігі сол күйінде сақталған. Капот астында Mazda Miata-ның 2 литрлік Skyactiv-G қозғалтқышы тұр. Ол 6 сатылы механикалық беріліс қорабымен жұмыс істейді.
Салондағы заманауи жабдықтар да өзгеріссіз қалған. Көлікте кондиционер, навигация, артқы көрініс камерасы, қауіпсіздік жастықтары, ABS және тұрақтандыру жүйесі бар. Электр жетегімен ашылып-жабылатын қатты төбесі де сақталған.
Яғни сырттай 1960 жылдардағы Ferrari-ді еске түсіргенімен, басқару мен жайлылық жағынан бұл – қазіргі заманға бейімделген Mazda Miata.
Бағасы аукционда белгілі болады
Ерекше көлік 24 қыркүйекте Нэшвиллде өтетін Mecum аукционына шығарылады. Оның бастапқы бағасы әзірге жарияланған жоқ.
Әрине, бұл түпнұсқа Ferrari 250 GTO емес. Дегенмен классикалық Ferrari-дің келбеті мен заманауи Mazda-ның мүмкіндіктерін ұштастырған көлік коллекционерлердің қызығушылығын тудыруы мүмкін. Оның нақты қаншаға бағаланатыны аукцион кезінде белгілі болады.