Жаңалықтар

Майқайыңдағы апат: Қаза тапқандардың отбасыларының несиелерін жұмыс беруші өтейді

Майқайыңдағы апат: Қаза тапқандардың отбасыларының несиелерін жұмыс беруші өтейді
Фото: facebook.com/Асайын Байханов 02.02.2024 22:25 735

«Майқайың-алтын» тау-кен ауданындағы опырылған жерде қаза болған құтқарушылардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетіледі. Сонымен қатар олардың несиелерін жұмыс беруші өтейтін болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Facebook парақшасында жазды.  

«Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде қаза болған құтқарушылардың отбасыларына барып қайттым. Бердібек Сарқыттың туған-туыстарымен Майқайыңдағы үйінде кездестім. Бұған дейін мен марқұмның жаназасына қатысқанмын. Менің келуімнің мақсаты - қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына оларды ешкім жалғыз қалдырмайтынын жеткізу. Әрине, ешқандай қолдау сөздері мен төлемдер жақындарыңызды қайтармайды. Бірақ, біз аумағында қайғылы жағдай орын алған «Майқайың-алтын» АҚ-нан, мемлекеттен және жұмыс берушіден жан-жақты көмек алу үшін қажеттінің бәрін жасаудамыз деп жазды аймақ басшысы.

Облыс әкімі Екібастұзда құтқарушы Олег Тышкевичтің де қызымен сөйлескенін алға тартты. Өңір басшылығы жұмыс беруші мен «Майқайың-алтын» АҚ-ның Яна мен оның ағасы алдындағы барлық міндеттемелерінің орындалуын қадағалайтын болады.

Сонымен қатар қаза болған жандардың отбасыларына кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың жасына байланысты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 5-10 жыл үшін орташа айлық жалақы мөлшерінде сақтандыру өтемақысы беріледі.

«Майқайың-алтын» АҚ бұған дейін бөлген қаражатын бірнеше есеге арттырады.. Ал жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасыларының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді өз мойнына алады. Осындай көмектер іздестіру жүргізіліп жатқан екі құтқарушының денелері табылған немесе оларды қайтыс болды деп таныған жағдайда олардың отбасыларына да көрсетіледі. Қаржылай көмектің көлемі туралы ақпарат жұртшылыққа барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін хабарланатын болады деп жазды Асайын Байханов.

Естеріңізде болса, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы кен орны маңында автобус 60 метр тереңдікке құлап кеткен. Көлікте болған төрт адамның екеуінің денесі табылғанымен, қалған екеуін іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға