Жаңалықтар

«Майқайың-алтын» АҚ-дағы апат: автобустағы адамдарды құтқару үшін шұңқырға экскаватор түсіріледі

«Майқайың-алтын» АҚ-дағы апат: автобустағы адамдарды құтқару үшін шұңқырға экскаватор түсіріледі
Фото: Видеодан алынған кадр 07.01.2024 23:00 711

Павлодар облысында «Майқайың-алтын» АҚ шахтасының маңында жолаушылары бар автобус тазарту кеңістігіне құлаған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Облыс әкімі Асайын Байханов осы жағдайға байланысты тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Бүгін таңертең «АК Алтыналмас» АҚ (Балқаш қ.) мамандары мен ТЖД құтқарушылары кран орнатып, бос орындарды, металды немесе басқа да ауытқуларды анықтау үшін жергілікті жерді геосканерлеу жүргізді. Сканерлеу сағат 15.30-да аяқталды. Нәтижелері өңделіп, шамамен автобустың орналасқан жері анықталды. Оның жоғары бөлігіне дейінгі тереңдік шамамен 5-7 метрді құрайды, - деді әкім.

Сонымен қатар сағат 20.00-де штаб отырысы өтіп, автобусқа дейін жетуі тиіс шағын экскаваторды шұңқырға түсіру үшін траншея дайындау жұмыстарын және құтқарушылардың әрі қарайғы іс-қимылдарын күшейту туралы шешім қабылданған.

Әкімнің айтуынша, жоғалған адамдарды іздестіру тәулік бойы, бір минутқа да тоқтамай жүргізілуде.

Іздестіру жұмыстарына барлығы 136 адам, 41 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп және 2 бірлік дрон жұмылдырылды.

Жалпы автобуста 4 адам болған: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының қызметкерлері (3 құтқарушы, 1 жүргізуші). Бұған дейін екі адамның денесі табылғаны хабарланған еді. 

Облыс басшысы қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына «Майқайың-алтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-нан әрбір отбасына 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетінін айтты. Мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға