Жаңалықтар

Маймыл шешегі. ДДСҰ төтенше жағдай жариялады

Соңғы мәлімет бойынша, мамырдан бері әлемнің 70 елінде 16 мыңнан астам адамға ауру жұққан.
Маймыл шешегі. ДДСҰ төтенше жағдай жариялады
24.07.2022 05:33 1782

ДДСҰ бас хатшысы Тедрос Гебрейесус сенбі күні маймыл шешегінің жылдам тарауына байланысты төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды EL.KZ Азаттыққа сілтеме жасап.

Соңғы мәлімет бойынша, мамырдан бері әлемнің 70 елінде 16 мыңнан астам адамға ауру жұққан.

ДДСҰ-ның төтенше жағдай жариялауы үкіметтер қандай да бір шектеу шараларын енгізеді дегенді білдірмейді, алайда ол кейбір қадамдарға, мысалы вакцинацияға көбірек қаржы бөлуге итермелеуі мүмкін.

Мәселе жануарларға да, адамдарға да қатар жұғатын инфекциялық ауру жайлы болып отыр. Ол кәдімгі шешек ауруына ұқсас. Алайда оған қарағанда жеңілірек өтеді. Оны жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ауырады, денеде бөртпелер пайда болады. Әзірге оны емдейтін дәрі жоқ. Әдетте ол үш-төрт апта ішінде өтіп кетеді, алайда адам өлімі де тіркелген.

Гебрейесустың айтуынша, ДДСҰ комитетінің мүшелері аурудың жылдам тарауына байланысты ғаламдық деңгейде төтенше жағдай жариялау мәселесі бойынша ортақ қорытындыға келе алмаған. Сондықтан шешімді өзі қабылдаған. Аурудың тарау деңгейі әр аймақта әрқалай, өзге елдерімен салыстырғанда Еуропада жоғарырақ.

Маймыл шешегі алғаш рет 1958 жылы анықталған. Биыл мамырға дейін вирус негізінен Африкада таралып келген. Алайда мамыр айында Еуропада жылдам тарала бастаған. Науқастардың басым бөлігі 18 бен 50 жас аралығында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға