Жаңалықтар

Мәуліт мейрамын қалай тойлап жүрміз?

Бидғат деп жүргендер «Мәулітті тойлауға болмайды» деген не аяттан, не хадистен бірде-бір дәлел келтіре алмайды.
Мәуліт мейрамын қалай тойлап жүрміз?
Фото: muftyat.kz 27.10.2022 08:44 3215

28 қазан күні ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан» орталық концерт залында «ҮММЕТІН СҮЙГЕН МҰХАММЕД» атты Мәуліт кеші  өткелі жатыр. Бұл мереке  бірнеше жыл бойы ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен тұрақты өткізіліп келеді. Пандемия кезінде ғана бұл мейрам аталып өтпеді.

Адамзатты ізгілікке шақырған, жақсы істерде көшбасшы болып танылған Пайғамбарды тану – исі мұсылманға ұлы міндет. Осы орайда республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің және ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің бас имамы Жүсіпов Ерболат мырзамен Мәуліт қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ассалаумағалейкум Ерболат ұстаз, елімізде мәуліт мерекесі жылда тойланып жүр. Биыл да Астана қаласында  «Үмметін сүйген Мұхаммед» атты Мәуліт кеші ұйымдастырылып  жатыр екен. Әңгімені осы іс-шарадан бастайықшы. 

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Ия, өзіңіз айтып отырғандай, қазіргі таңда Мәуліт мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіледі. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы – Діни басқарманың жолға қоюымен қазіргі таңда барлық мешіттерде Мәуліт жыры оқылып, түрлі қоғамдық-қайырымдылық шаралармен жалғасып жатады. Ірі қалалар мен облыс орталықтарында ҚМДБ өкілдіктерінің ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесіне орай арнайы рухани кештер өтіп келеді. Сол игі үрдістің желісі пандемия кезінде үзіліп қалғанымен, мінекей биылғы жылы еліміз бойынша қайта жалғасты. Сол рухани шаралардың шоқтығы секілді – соңғы Мәуліт кеші Астана төрінде «Қазақстан» орталық концерт залында 28 қараша күні өткелі отыр.

Жаңа айтқанымыздай, Мәуліт мерекесі көптеген жылдар бойы республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Әр жыл сайын біз халыққа Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл тұлғасын танытып, өнеге-өсиеттерін, сүннетін жеткізумен келеміз. Осы орайда әрбір Мәуліт кеші адамзаттың абзалы болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түрлі кезеңдеріне немесе белгілі бір қырына басымдық беріле отырып ұйымдастырылатын. Биылғы шарамыздың аты айтып тұрғандай, «Үмметін сүйген Мұхаммед (с.ғ.с.)». Яғни, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіне деген махаббаты қандай болған? Сол махаббатқа біздер лайық амалдар атқарудамыз ба? Биылғы Мәуліт кешінің де басты ерекшелігі осы болмақ. 

– Мәуліт деген не? Бұл кештің ерекшелігі неде? Қандай бағдарламалар бар? Әуезді әндер айтылып, домбыраның шанағынан  күйлер төгіле ме? Бұл кештің жиналған ағайынға беретін тағылымдық, танымдық, рухани пайдасы жайлы тарқата айтсаңыз?

– Жалпы, Мәуліт сөзі араб тілінде туылған деген мағынаны береді. Негізінде сөздің түбірі араб тіліндегі «уәләдәтуу» сөзінен жасалған «мәулид» үлгісінде қалыптасқан есімшелі сөз. Оның туылу, мереке, туылған жер ұғымын беретін мағыналары да кездеседі. Алайда сөздің қолданыстағы мағынасы – дүниеге келу, туылу. Сол себепті тіліміздегі негізгі ұғым Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келуін, оның өмірбаянын дәріптейтін күн. Бұл – дінде әу баста болмаған, кейіннен енгізілген нәрсе. Әйтсе де, көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы дәлелдері де бар.

Әрбіріміз өзіміздің ата-анамыздың, балаларымыздың, туыс-жақындарымыздың, құрбы-құрдастарымыздың және басқа да қаншама адамдардың туған күндерін қуанышпен атап өтеміз. Ал қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?! Қазіргі біздің жағдайымызда Мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс Пайғамбардың аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгін де жетерлік. Сондықтан Мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар туралы, Оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы үгіт-насихат жүргіземіз. Осындай зор мүмкіндікті бос жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Ал, енді нақты «Үмметін сүйген Мұхаммед (с.ғ.с.)» Мәуліт кешіне келер болсақ, қалыптасқан дәстүр бойынша бұл кеште Пайғамбарымызға сансыз салауаттар айтылып, Алла елшісінің өнегелі өмірбаяны – Мәуліт жыры оқылатын болады. Биылғы Мәуліт кешінде белгілі дін қайраткері, қазақ топырағындағы алғашқы мәуліт жырларының бірі – Сәдуақас Ғылмани атамыздың өлеңін жаңғыртсақ па деп отырмыз. Бұдан бөлек, «Өнер қырандарының» театрының орындауындағы рухани қойылымдар көрсетіледі. Әрине, қазақтың қара өлеңі мен термесі, күйі мен әні де шырқалатын болады.

Сондай-ақ, атап өтер жайт, биылғы Мәуліт мерекесінің басты ерекшелігі – сол күні көрермен алдында Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін жаңғыртып,  «Мәуліт сыйы» атты айрықша қайырымдылық шарасы өтеді. Айта кетейік, Мәуліт кешіне кіру ақылы, билеттерді Астана мешіттерінен сатып алуға болады. Ал, билеттен түскен қаржы осы айтып отырған қайырымдылыққа жұмсалатын болады. Яғни, бұл Мәуліт кешіне қатысудың өзі қаншама сауап!

Мәуліт мейрамын тойлаудағы басты мақсат – пайғамбарды жақын тану

 – Әлимсақтан мұсылманбыз дейміз, олай болса Пайғамбарымыздың туған күнін ата-бабаларымыз қалай тойлаған?  Біз қалай тойлап жүрміз?

– Жалпы, Мәуліт мерекесін тойлаудағы басты мақсат – күллі адамзатқа, тіпті жындар әлеміне де ақиқатты танытып, тура жол көрсетуге келген Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды жақын таныту, өмірімен жете таныстыру. Сол арқылы өзіне рухани нәр алып, бойын имандылыққа, ізгілікке толтыру болып табылады. Кімде-кім осы Мәуліт мерекесі арқылы титтей бір жақсылық үйреніп, сол өміріне қосар болса, нағыз нәтиже осы. Сол үшін де Мәуліт мерекесінің замандар бойы сыртқы формасы ауысып отырғанымен, негізгі мақсаты – Пайғамбарымыздың өмірбаянын білу, сол арқылы кемеңгер тұлғаның көркем мінезінен сабақ алу, салауат жолдап, дұға жасау. Мұсылман адам үшін бұл айтылғандардың айрықша маңызы болуы керек. Өйткені, қасиетті Құранда: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят), – деп анық ескертеді. Ал, пайғамбарымызға жолданған салауат, шын мәнінде, сол айтқан адамның өзіне көбірек пайда.

Сондықтан да қай кезде де Мәуліт мерекесінің мән-маңызы – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту, сүннетін жаңғырту, Мәуліт жыры арқылы өмірбаянымен танысу болып қала бермек. Заман дамуына орай бұл басты идея түрлі қосымша жолдармен – діни әндер болуы мүмкін, діни қойылым болуы мүмкін, дін уағыз ретінде жеткізілуі мүмкін. Сол себепті де бұрын ата-бабамыз былай тойлаған, біз былай тойлап жүрміз деп, айырмашылық іздеудің қажеті шамалы. Ислам қағидасы бойынша, пайғамбар – Алла Тағаланың елшісі. Пайғамбарлар – Жаратушы мен адамзаттың арасын байланыстыратын хабаршылар. Пайғамбардың адамзатқа келу себебi мен мақсатын данышпан Абай «Замана, шаруа, мiнез күнде өзгердi, Оларға кез-кезiмен нәби келдi деп» түсіндірсе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз: Ғаламнан он сегіз мың әуел бұрын, Жаратты пайғамбардың асыл нұрын» деп дәріптеп өтеді. Осыдан-ақ қазақ халқының пайғамбарға деген құрметін байқауға болатындай?

«Алланы сүю, пайғамбарды сүюмен іске асады»

– Кемеңгер бабалар исі мұсылман үшін бес күн жалған дүниеде Пайғамбар өмірінен алар өнеге көптігін ұрпағына өсиет етіп айтып кетіпті. Осы орайда Пайғамбарды жақсы көру, сүннетіне еліктеу жайлы айта кетсеңіз?

– Кез келген нәрсенің қадіріне бармай, оны сүю ақылға сыйымсыз. Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүю хақында сөз қозғамас бұрын, алдымен оның діндегі функциясын ұғынып алған жөн шығар.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) міндеттеріне Аллаға және басқа да Ислам негіздеріне иман келтіру, Жәбрейіл арқылы Алладан келген уахиды алып, оны адамзатқа жеткізу, халықты Ислам дініне шақыру, уахи арқылы келген Құранды түсіндіру, діннің үкімдерін әуелі өзі орындап, мұсылмандарға оны орындауды бұйыру және т.б. жатады.

Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед,) «Егер сендер Алланы сүйетін болсаңдар, менің соңымнан еріңдер, сонда Алла да сендерді сүйіп, күнәларыңды кешеді. Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді» деп айт» («Әли Имран» сүресі, 31-аят), «Егер де сендерге әке (-шеше) лерің, балаларың, бауырларың, жұбайларың, руларың, жиған мал-дүниелерің, зиянға ұшырайды (банкрот болады) деп абыржыған саудаларың Алла және Оның елшісінен артық болса, Алла өз ісін (жазасын) әкелгенге дейін күтіңдер. Алла күнәһар топты тура жолға салмайды», («Тәубе» сүресі, 24-аят) – дейді.

Бұл екі аят дінімізде Жаратушыны  сүю негіздерінің бірі болып есептеледі. Абай хакім «Махаббатпен жаратты адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлайды. Жалпы, «сүю» – дерексіз ұғым. Оны біз тек белгілері, нышандары арқылы ғана ұғамыз. Мәселен, «Отанды сүю» дерексіз. Кез келген адам өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен ыстық лебізін оның нышандарын сыйлап, қастерлеу арқылы көрсетеді. Дәл сол сияқты Алланың да нышандары (шәъаир) бар. Жаратқанды сүюдің белгісі, жоғарыдағы аятта айтылғандай, Оның елшісіне бағыну. Ал, Пайғамбарға бағыну үшін оны тануымыз керек. Оны таныған сәтте ерекше көркем мінезінің алдында бас иіп, оны сүймеу мүмкін еместігін түсінеміз. Бұдан келіп туындайтын нәтиже: Алланы сүю дегеніміз Пайғамбарды сүю. Көзіміз бен көре алмаған Алланы сүю деректі Пайғамбарды сүюмен іске асады. Міне, осылайша, пенде Алланы шын мәнінде сүйетіндігін дәлелдейді.

– Пайғамбарымыз Мұхаммед заманында Мәуліт тойланбапты.  Кейінірек көпшілік мұсылман елдері Пайғамбарға құрмет ретінде тойлай бастапты. Соны алдыға тартып, Мәулітті бидғат санайтын мұсылман бауырлар да кездеседі арамызда.  Бұған не айтар едіңіз?

– Үкіміне келер болсақ, бидғат деп жүргендер «Мәулітті тойлауға болмайды» деген не аяттан, не хадистен бірде-бір дәлел келтіре алмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірқатар хадистерін келтіреді. Онда: «Христиандар Исаны дәріптегендей, сендер де мені дәріптеп жібермеңдер», – деп айтылады деп.

Алайда, ұлықтау – бір бөлек, құрмет көрсету – бір бөлек. Олар өз пайғамбарларын тәңірі дәрежесіне көтеріп жіберді. Мәуліттегі мақсатымыз – Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) шектен тыс қиялға жайыптар қосып, тәңірге балап ұлықтау емес, Мәуліттегі мақсатымыз Оны (с.ғ.с.) еске алу. Оның (с.ғ.с.) теңдессіз тұлғасынан өнегенің бір тамшысын болса да алуға талпыну. Оның кіршіксіз өмірбаянын жадымызда бір жаңғырту. Оған сансыз салауаттар айту, оның есімін әлемге жар салу.

Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін қалайша ұлықтамаймыз?! Ендеше, адамзаттың ардақтысының: «Қашан мені бала-шағаң, ата-анаң және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше, имандарың кәміл болмайды», – деген өсиетіне амал етіп, иманымызды толықтыруға неге тырыспасқа?!

Шарапатты Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне бойұсынып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай!

– Әумин! Айқаныңыз келсін. Қат-қабат жұмысыңызға қарамай, Мәулітке қатысты өтіп жатқан жиындардың арасында уақыт тауып сауалдарыма жауап бергеніңізге рахмет!

– Сізге де Алла разы болсын!

 

Сұхбаттасқан Нағашыбай Қабылбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға