Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 22.03.2024 11:41 290

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құрметті достар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ізгілік, тазалық, жанашырлық сияқты маңызды құндылықтарды дәріптейтін көктем мерекесі. Жаңару мен жаңғырудың бастауы болған бұл мейрам – біздің төл жаңа жылымыз. Сондықтан халқымыз ежелден осы күнге ерекше мән беріп, Әз-Наурызды жақсылықтың, жарасымдылықтың және жасампаздықтың жаршысы ретінде дәріптеп келеді, - деді Сенат төрағасы.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл елімізде Наурыз мейрамы жаңаша аталып өтіп жатыр.

Арнайы Наурызнама онкүндігі жарияланып, көрісу, қайырымдылық, мәдениет және салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы және тазару сияқты қоғамды ұйыстырар құндылықтарға баса мән берілуде. Мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайту және мерекенің маңызы мен мазмұнын арттыру жолында айрықша мәнге ие. Алдағы уақытта бұл бастама игі дәстүрге айналып, халқымыздың тәрбие мен тағылымға табан тіреген озық ойлы ұлт болып қалыптасуына өз септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық пен тыныштық, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін! Ұлыс оң болсын!, - деп жазды Сенат төрағасы өзінің Facebook парақшасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға