Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев министр болған әкімдер туралы пікір білдірді

Мәулен Әшімбаев министр болған әкімдер туралы пікір білдірді
Фото: © El.kz 07.09.2023 13:50 591

Бұл жөнінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыру үшін әкімшілік реформа іске асырылып жатыр. Осы бағытта қабылданған заңдарға сәйкес көптеген құзырет Үкіметтің басшылығынан министрлерге берілді. Аталған реформаның екінші кезеңінде бірқатар құзырет Үкімет пен министрліктерден әкімдерге беріледі. Өйткені аймақтардағы проблемаларды министрлерге қарағанда сол жақтағы әкімдер, өкілді органдар көбірек біледі. Мұндай қадам өңірлердегі мәселелерді жедел шешуге ықпал етері анық, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері бұған дейін кейбір министрлердің жергілікті жерлердегі жұмыс тәжірибесі болмағанына назар аударды.

Орталықта да өңірлердегі түйткілдерді жақсы білетін мамандардың қызмет атқаруы аса маңызды. Сондықтан Президентіміздің шешімімен кейбір әкімдер орталыққа министр болып келіп жатыр. Ал, бұған дейін министр болғандар облыстарға әкім болып тағайындалды. Бұл өңірлерге қатысты дұрыс шешім қабылдауға жаңа мүмкіндіктер береді, – деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің маңызы, олардың іске асырылуын заңнамалық қамтамасыз ету мәселесі және Сенат пен жергілікті өкілді органдар арасындағы жұмыс жайында сөз қозғады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға