Қазақтар массаж жасай алмайды деген пікір қоғамда жиі айтылады. Көпшілік шетелдік, әсіресе тай және филиппиндік мамандарға сенім артып, отандық мамандарды екінші орынға қояды. Бұл – рас па, әлде қалыптасқан стереотип қана ма?
Массаж тренері, ҚР чемпионатының инструктор-судьясы Жазира Мамбетова маман массаж саласының шынайы бет-бейнесін ашып, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
«Мақсатым – хайп емес, адамға шынайы көмек беру»
Жазира Мамбетова бұл салада сегіз жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта «Жаңару» медициналық орталығында жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол түрлі мамандардан білім алып, тәжірибесін үнемі жетілдіріп отырған.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда массаж саласында басты мәселе – дұрыс бағыт пен ниеттің болмауы.
Менің басты мақсатым – өзімді жарнамалау немесе хайп қуалау емес. Керісінше, адамға нақты қандай көмек беру керек, соған мән беремін. Массаж – тек табыс көзі емес, бұл жерде жауапкершілік бар, – дейді маман.
Маман алғашқы еңбек жолын классикалық массаждан бастаған. Ол кезде негізгі назар физикалық әсерге ғана аударылған.
Бұрын бізге нақты протоколмен жұмыс істеуді үйретті: қай жерге қалай әсер ету керек – бәрі белгілі. Ал қазір заман өзгерді. Қазіргі адамға тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да көмек қажет. Сондықтан массаж кезінде адамның жан дүниесіне де үңілу маңызды, – дейді ол.
Жазираның айтуынша, бүгінгі массаж – тек механикалық әрекет емес, жүйке жүйесіне, эмоциялық жағдайға әсер ететін кешенді жұмыс.
Миф пе, әлде шындық па?
Қоғамда «қазақтар массажды жақсы жасай алмайды» деген пікір бар. Жазира бұл көзқараспен келіспейді. Ол массажды ең алдымен аурудың алдын алу құралы ретінде қарастыратынын айтады.
Бізде өте мықты мамандар бар. Бірақ кейбірі өзін көрсете алмайды, ал кейбірінің теориясы күшті болғанымен, практикасы әлсіз. Даму үшін үнемі білімге инвестиция салу керек. Күнделікті өмірде біз әр түрлі эмоцияны басымыздан өткіземіз. Сол жиналған күйзеліс уақыт өте келе денеде ауырсыну ретінде көрінеді. Массаж – сол ауыртпалықтың алдын алуға көмектеседі, – дейді ол.
Сонымен қатар, ол массажды спорт, дұрыс тамақтану және дәрумендермен бірге кешенді түрде қарастыру керектігін айтады.
Көп адам бірден келіп, «бәрін шешіп беріңіз» дейді. Бір сеанстан кейін толық жазылып кетемін деп ойлайды. Бірақ бұл қате. Егер адам өз ағзасына күтім жасамаса, нәтиже уақытша ғана болады. Маған әсіресе омыртқа қисаюы, бұлшық ет ауырсынуы, сондай-ақ психоэмоциялық күйзеліс мәселелерімен келетіндер көп, – дейді маман.
Маман массажға қатысты қате түсініктердің көп екенін айтады. Соның бірі – адамдардың тез нәтиже күтетіндігі.
Бірақ массаж – ғажайып құрал емес. Бұл – ағзамен бірге жұмыс істейтін процесс. Егер адам өз өмір салтын өзгертпесе, нәтиже ұзаққа бармайды, – дейді ол.
Маманның пікірінше, денсаулық – тек массажистің емес, адамның өзінің де жауапкершілігі.
Маманнан қарапайым кеңес
Сұхбат барысында Жазира оқырмандарға қарапайым, бірақ маңызды кеңесімен де бөлісті.
Адамдар көбіне жалқаулықтан массажға келеді. Яғни, қозғалыссыз, дұрыс күтімсіз жүріп, кейін тез нәтиже күтеді. Негізінде, денсаулық – күнделікті әдеттерден басталады: спорт, дұрыс тамақтану, дәрумендер, эмоциялық тұрақтылық, – дейді ол.
Маман массаждың барлығына бірдей пайдалы емес екенін де ескертеді.
Кез келген маман жұмыс бастамас бұрын міндетті түрде клиенттің жағдайын анықтап алуы керек. Онкологиялық аурулар, туберкулез сияқты жағдайларда массаж жасауға болмайды. Өкінішке қарай, көп жерде бұл талап сақталмайды. Сол себепті әр клиент арнайы анкета толтыру керек, – деді.
Есте қалған ерекше оқиға
Массаж саласында ұзақ жыл еңбек еткен мамандардың тәжірибесінде ерекше сәттер жиі кездеседі. Жазира Мамбетова да өз жолында тек кәсіби емес, рухани тұрғыдан әсер еткен оқиғалардың аз болмағанын айтады.
Маманның айтуынша, оның кәсіби қалыптасуына үлкен әсер еткен кезеңдердің бірі – клиникадағы тәжірибесі.
«Төрт жыл бойы клиникада жұмыс істедік. Ол жерде біз бір-бірімізбен бәсекелеспей, керісінше, бір мақсатта – адамға көмектесу үшін жұмыс жасадық. Егер бір науқасқа менің әдісім көмектеспесе, басқа маманға бағыттайтынбыз. Сол арқылы әрқайсымыз өз техникамызды дамыттық», – дейді ол.
Оның сөзінше, дәл осы орта оған массаждың тек жеке жұмыс емес, командалық үйлесім арқылы да үлкен нәтиже беретінін түсіндірген. Жазираның жадында ерекше сақталған оқиғалардың бірі – бір клиенттің айтқан сөзі.
Бір күні массаж жасап жатқанда, бір клиентім маған: «Сіз менен де көп сауап алып жатырсыз» деді. Алғашында түсінбей қалдым. Кейін ол: «Сіз адамдарға жеңілдік, шипа беріп жүрсіз, сол үшін сізге сауап жазылады» деді. Сол сәтте мен қатты толқыдым, – деп еске алады маман.
Бұл сөз оның өз кәсібіне деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.
Сол кезде мен бұл мамандықты жайдан-жай таңдамағанымды түсіндім. Бұл – тек жұмыс емес, белгілі бір миссия, – дейді ол.
Маман тәжірибесіндегі тағы бір ерекше жағдай – ерекше қажеттілігі бар баламен жұмыс.
Бір бала бізге бірнеше рет келді. Ол кезде оның сөйлеу қабілеті өте әлсіз еді. Біз әртүрлі әдістерді краниосакралды терапия, остеопатиялық тәсілдерді қолдандық. Біраз уақыттан кейін сол бала бізбен сөйлесе бастады. Бұл мен үшін өте үлкен әсер болды, – дейді Жазира.
Ол бұл жетістікті бір ғана маманның емес, бірнеше маманның бірлескен еңбегі деп есептейді.
Бұл жерде «мен емдедім» деп айту дұрыс емес. Әр маманның үлесі болды. Бірақ сол сәт мені одан әрі жігерлендірді, – дейді Жазира.
Чемпионатқа шәкірт дайындайды
Жазира Мамбетова тек практик маман ғана емес, сонымен қатар болашақ массажистерді дайындайтын тренер әрі халықаралық деңгейдегі судья. Оның айтуынша, Қазақстанда талантты мамандар көп, бірақ олар өз мүмкіндігін толық аша алмай жүр.
Көп мықты мамандар кабинеттен шықпайды, өздерін көрсетпейді. Ал чемпионат – сол қабілетті көрсетуге үлкен мүмкіндік. Өзім де алғаш рет чемпионатқа ешқандай қолдаусыз қатысып, сол арқылы үлкен тәжірибе жинадым. Қазір шәкірттерімді халықаралық деңгейге шығуға дайындап жүрмін, – дейді.
Маман елімізде бұл саланың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Алайда даму үшін бірқатар маңызды қадамдар қажет.
Біріншіден, мамандар өзіне инвестиция салуы керек. Екіншіден, чемпионаттарға қатысу арқылы өз деңгейін көрсетуі қажет. Үшіншіден, жеке бренд қалыптастыру маңызды, – дейді ол.
Сонымен қатар, ол қазақ тілінде кәсіби, анатомиялық тұрғыдан сауатты түсіндіре алатын мамандардың аз екенін де атап өтті.
Қазақ тілінде сапалы білім беретін мамандар көбейсе, бұл сала одан әрі дамиды, – дейді Жазира.
Жазира Мамбетованың әңгімесінен аңғарғанымыз – массаж тек техника емес, бұл адамға деген жанашырлық пен жауапкершілікке негізделген сала. Ал нағыз нәтиже – маман мен клиенттің бірлескен еңбегінің жемісі.