Мәслихат сайлауы: өңір әкімдері мен министрлер дауыс берді

Мәслихат сайлауы: өңір әкімдері мен министрлер дауыс берді
Фото: El.kz

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру науқанына өңір әкімдері, министрлер және мемлекеттік орган басшылары қатысып, өз таңдауын жасады.

Сағат 10:00-дегі мәлімет бойынша, республикада сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 12,31 пайызы дауыс берген. Ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе (16,49 пайыз), Қызылорда (16,33 пайыз) және Түркістан (15,32 пайыз) облыстарында тіркелді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында сайлауға қатысқанын хабарлады. Ол мәслихаттың елорда мен оның тұрғындарының өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Satbayev University ғимаратында орналасқан №257 сайлау учаскесінде дауыс берді. Алматыда депутаттық мандатқа 168 кандидат үміткер. Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді. Өңірде 15 мәслихаттағы 193 депутаттық мандатқа үміткерлер бақ сынап жатыр. Облыс аумағында 543 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров №541 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Өңір басшысы жаңадан сайланған депутаттармен бірлесіп, облысты дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Облыста сайлаушылар тізіміне 579 141 адам енгізілген.

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов №90 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол мәслихат депутаттарының халықпен тұрақты байланыс орнатып, өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысуының маңызын атап өтті. Облыста 278 сайлау учаскесі жұмыс істейді, сайлаушылар саны 425 мыңнан асады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласындағы №1193 сайлау учаскесіне ата-анасымен, жұбайымен және балаларымен бірге келді. Өңірде 534 сайлау учаскесі ашылған.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы №35 сайлау учаскесінде дауыс берді. Облыста 733 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Өңірдегі 520 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласының 16-шағынауданында орналасқан №68 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Өңірде 267 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны 455 мыңнан асады.

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей медицина университетінің ғимаратында орналасқан №93 сайлау учаскесінде дауыс берді. Өңірде 174 депутаттық мандатқа 523 кандидат тіркелген.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында орналасқан №389 сайлау учаскесінде дауыс берді. Облыста 469 сайлау учаскесі жұмыс істейді, 442 056 сайлаушы тіркелген.

Айта кетейік, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз