
Машинист мамандығы тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді
Биылғы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, олардың кәсіби біліктілігі мен маңызын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған маңызды қадам. Өйткені ел экономикасының алға жылжуына, өндірістің ілгерілеуіне, инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне ең алдымен адал еңбегімен үлес қосып жүрген жұмысшы мамандардың сіңірген еңбегі ерекше. Солардың бірі – теміржол көлігінде жиырма жылдан астам уақыт бойы қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тепловоз машинисі Ғани Серікбаев.
Балалық арман мен әке жолы
Ғани Мәлікұлы теміржол саласындағы еңбек жолын 2004 жылы басталғанымен, бұл салаға деген қызығушылығы одан да ертерек оянған.
Мен бала күнімде әкемнің теміржолшы ретінде жұмыс істегенін көріп өстім. Пойыздар мен локомотивтерге қарап қызығатынмын. Әкемнің киім киісі, тәртіпке мән беруі мені де теміржолшы болуға шабыттандырды. Ақыры сол бала күнгі арманның жетегінде осы саланы таңдадым, – дейді Ғани.
Арманын нақты мақсатқа айналдырған Ғани 2010 жылы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлік, көлік техникасы» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Алайда бұл салада оның нақты еңбек жолы әлдеқайда бұрын, 2004 жылы «Камкор Локомотив» ЖШС-де слесарь, кейін аға шебер ретінде басталған болатын. Сол кезден бастап-ақ өзінің еңбекқорлығы, ұқыптылығы және жауапкершілігімен көзге түсті.
Машинист болу – тәртіп пен табандылықтың жемісі
Уақыт өте келе ол «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің Жамбыл филиалындағы пайдалану локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Ал 2019 жылы Тараз оқу орталығында машинист курсын сәтті аяқтап, 2020 жылдың сәуір айында толыққанды тепловоз машинисі атанды. Бүгінде ол тек тепловоз ғана емес, электровоз машинисінің де 2-санаты бар білікті маманы саналады.
Теміржол саласы – тәртіп пен төзімділікті қажет ететін ерекше жүйе. Кез келген ауа райында, күн-түн демей сапарға шығуға дайын болу – машинистке қойылатын басты талаптардың бірі. Осы жауапкершілікті толық сезінетін Ғани өзінің әрбір жұмыс күнін үлкен дайындықпен бастайды.
Біздің жұмыс әскери қызметке ұқсайды. Әрбір шешіміміздің артында үлкен жауапкершілік жатыр. Кестеден ауытқымау, техникалық қауіпсіздікті сақтау, пойыздың әрбір тетігін жіті бақылау – бұл біздің күнделікті міндетіміз, – дейді ол.
Тәжірибе мен техникалық білім – сенімділіктің кепілі
Ғани Серікбаев қазіргі таңда Тараз – Қаратау – Жаңатас бағытындағы жүк пойыздарын басқарады. Ол түрлі өндіріс орындарынан шыққан жүктің, азық-түлік пен тауарлардың белгіленген мекенге уақытылы және қауіпсіз жетуін қамтамасыз етеді. Бір сапары 12 сағатқа дейін созылатын машинист үшін бұл – тек жұмыстың емес, өмір салтының бір бөлігіне айналған қызмет.
Теміржол көлігі – әлемдегі ең сенімді және қауіпсіз көлік түрлерінің бірі. Бірақ оның артында мыңдаған адамның тынымсыз еңбегі жатыр. Біз, машинистер, сол сенімділіктің негізін қалаймыз. Әрбір сапар – үлкен жауапкершілік, – дейді Ғани.
Ол тек өз міндетін мінсіз орындап қана қоймай, деподағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Жас мамандарға тәжірибе бөлісіп, техникалық қауіпсіздік пен заманауи технологияларды үйретуге атсалысады. Тіпті өзі де техникалық білімін жетілдіріп отыруды басты мақсаттарының бірі санайды.
Әріптестері бағалаған абыройлы маман
Ғани Мәлікұлын әріптестері кәсіби шеберлігімен қатар, адамгершілігі мен ашық мінезі үшін де құрметтейді.
Ғани – өз ісіне берілген, адал маман. Ол әрдайым көмектесуге дайын тұрады. Біздің салада ең бастысы – сенімділік пен тәртіп. Ғанидың бойынан осы қасиеттерді толық көруге болады. Жастарға үлгі бола алады, – дейді локомотив депосында бірге қызмет ететін машинист Қуаныш Омаров.
«Жұмысшы мамандықтардың жылы»: еңбек адамына құрмет
Мемлекет тарапынан қолға алынған «Жұмысшы мамандықтардың жылы» – тек ресми бастама емес, сонымен қатар қарапайым еңбек иелеріне көрсетілген шынайы құрмет. Ғани Серікбаев сынды өз ісіне жан-тәнімен берілген, шеберлігі мен жауапкершілігі қатар жүретін мамандар – еліміздегі теміржол жүйесінің сенімді тірегі.
Олардың қажырлы еңбегі – тек пойыздың уақытылы жүруін емес, бүкіл ел экономикасының тұрақты қозғалысын қамтамасыз етеді. Себебі теміржол – өндіріс пен ауыл шаруашылығын, қалалар мен ауылдарды байланыстыратын өмір арнасы.
Ғани Мәлікұлының еңбек жолы – бала арманының шындыққа айналғанының айқын көрінісі. Оның теміржол саласындағы адалдығы мен табандылығы, білімге деген құштарлығы мен жауапкершілігі – еңбек адамының биік бейнесін көрсететін мысал.
Еліміздің дамуы үшін маңдай терін төгіп жүрген әрбір жұмысшының еңбегі – құрметке лайық. Солардың қатарында Ғани Серікбаевтың есімі де зор мақтанышпен аталуға әбден тұрарлық.