Жаңалықтар

«Мәселе пәктікті анықтауда тұрған жоқ». Саясат Нұрбек «пәк қыздар тізіміне» қатысты пікір білдірді

«Мәселе пәктікті анықтауда тұрған жоқ». Саясат Нұрбек «пәк қыздар тізіміне» қатысты пікір білдірді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 06.03.2024 14:49 683

Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шу болған тізімде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің медициналық деректерінде гинекологқа қаралған-қаралмаған мәселелері жазылғандығын айтты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында министр бұл оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқандығын, оның ішінде құқық қорғау органдарын тарта отырып, сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Медициналық орталық қызметкері студент қыздарға арналған қосымша медициналық ақпарат бар жолдарды құжаттан алып тастамастан, деканат қызметкеріне жолдаған. Ондағылар мұны алып тастау керегін білмеген. Тізімді алған соң, куратормен бірге  деканатқа «осы студенттердің флюрографиядан өтуін қадағалаңдар» деген өтінішпен таратқан. Осы жерде "Неліктен пәктікті анықтау үшін тексеру жүргізілді?" деген сұрақ туындайды. Шын мәнінде, бұл белгіленген студенттер маманның, гинекологтың тексеруінен өткен не өтпеген студенттер. Яғни, мәселе пәктікті анықтауда тұрған жоқ, тек гинекологтың тексеруінен өту қажет болған. Олар мұны медициналық түрде өздерінің тізімінде белгілеген. Яғни, бұл жерде бірден екі қате болып отыр. Медициналық орталық мұндай форматта ақпаратты жібермеуі керек еді, деканат та оларды тексеруі керек еді, - деді министр.

Журналистердің университет медициналық орталықтан «вирго» мәртебесі туралы мәліметтерді не үшін талап еткені туралы сұрағына министр жауап бере алмады. Тергеу нәтижелерін күтуді ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға