Жаңалықтар

Мас күйде ұшаққа отырып, тәртіп бұзған азамат құрықталды

Мас күйде ұшаққа отырып, тәртіп бұзған азамат құрықталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 13.09.2023 13:31 784

Көліктегі полицейлер мас күйде ұшаққа отырып, тәртіп бұзған 24 жастағы ақтаулықты құрықтады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, Ақтау қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесіне Air Astana әуекомпаниясының өкілінен Алматы – Ақтау бағытындағы әуе рейсінің деструктивті жолаушысына қатысты шара қолдану туралы хабарлама келіп түскен.

Тексеру барысында көлік полицейлері Ақтау қаласының 24 жастағы тұрғынын анықтады. Өтініш берушілердің айтуынша, алкогольдік ішімдік ішкен ер адам өзін дөрекі ұстап, экипаж қызметкерлерін балағаттаған, тіпті, ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған.

Құқық бұзушы полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ЖПБ қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Осылайша, аталған азамат ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу), ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық), ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабы 1-бөлігі (Әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігінде (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) көзделген құқық бұзушылықтар жасағаны үшін, оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев.

Ұсақ бұзақылық және полиция қызметкерінің заңды өкіміне бағынбау бойынша әкімшілік материал процессуалдық шешімін қабылдау үшін Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды.

Айта кетейік, Жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 33 749 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін – 3353, ұсақ бұзақылық үшін – 514, әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін – 38 тұлға тіркелген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға