Жаңалықтар

Marvel-дің DC-ден қай жері артық?

«Marvel»-дің басты бәсекелесі бар - ол «DC» киноғаламы
Marvel-дің DC-ден қай жері артық?
31.10.2017 17:08 2268

«Marvel Studios» осы аптада он жетінші көркем фильмін («Тор: Рагнарёк») әлем жұртшылығына ұсынады және бұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Алда «Қара Пантера» (Black Panther), «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» («Avengers: Infinity War»), «Құмырсқа адам мен Сона» («Ant-man and The Wasp»), «Капитан Марвел» («Captain Marvel»), «Кек алушылар 4» («Avengers 4») секілді фильмдер мен Өрмекші-адам туралы кезекті картина және «Галактика сақшыларының» үшінші бөлімі жоспарланған. Бұл киножобалардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты және барлығының оқиғасы бір әлемде өрбиді. Әр түрлі фильмдерде бөлек көрініп жүрген кейбір суперқаһармандар мен кейіпкерлер де кейде өзара араласып, экранда бірге пайда болып тұратыны да сондықтан. Қысқаша айтқанда «Marvel» студиясы өндірген киноөнімдердің барлығы бірігіп «Marvel кинематографиялық ғаламын» құрайды. 

Marvel кинематографиялық ғаламының суперқаһармандары / иллюстрация alcanfordelasinfantas.com сайтынан

«Marvel»-дің басты бәсекелесі бар - ол «DC» киноғаламы. «Warner Bros. Pictures» кинокомпаниясы өндіретін фильмдер сериясы да суперқаһармандарды бір әлемге біріктіреді. «DC кинематографиялық ғаламы» 2013 жылы «Болат адамнан» («Man of Steel») басталды («Марвел» киноғаламы 2008 жылы «Темір адамнан» бастау алады). Қазір DC ғаламына кіретін 4 фильм бар. Тағы 12 киножоба шығару жоспарланып отыр.

DC кейіпкерлері Marvel-дікінен еш кем емес – күш-қуаты, костюмі, образдарының тартымдылығы еш қалыспайды. Американың комикс өнері туралы айтқан кезде де алдымен ойымызға Бэтмен мен Супермен келетіні анық. Осындай артықшылықтары бола тұра DC кино өндірісі біраз қиындықтар көруде. Фильмдердің суық қабылдануына оқиғалардың тартымсыз болып шығуы, сюжеттің жете ойластырылмауы себеп болып жүр. «Warner Bros.» өзі өндірген кинокомикстердің кесірінен біраз шығынға да ұшырады.

Екі киноғаламның да, одан бұрын Marvel мен DC комикстарының да миллиондаған фанаттары бар. Негізгі талас солардың арасында жүреді. Қай басылымның қаһармандары мықты деген пікірталас ешқашан тоқтаған емес және нақты жауап беру де қиын.

DC кинематографиялық ғаламының суперқаһармандары / иллюстрация Twitter-дегі DC Film Chambers парақшасынан

Бірақ комикс емес (баспа өнімі), кинокомикс әлемін (комикс қаһармандарына негізделген фильмдер) айтатын болсақ, бұл жерде Marvel-дің басым түсер бір тұсы бар. Біз қазір қаржылық табысының молдығы, көрермендер армиясының ауқымы туралы сөз қозғамаймыз. Әңгіме басқада.

Marvel де, DC де толықметрлі көркем фильмдермен шектеліп қалмай, телевидение аудиториясын да жаулап алу жолында бәсекелесіп жатқаны белгілі. Екі компанияның да анимациялық және көркем сериалдары аз емес. Мысалы, DC комикстеріне негізделген «Жебе» («Arrow»), «Флэш» («The Flash»), «Готэм» («Gotham»), «Супергёрл» («Supergirl»), «Ертеңгі күннің аңыздары» («Legends of Tomorrow») деген сериалдар бар. Олар, жалпы алғанда, жаман дүниелер емес, көруге әбден лайық сериалдар. Әсіресе DC фанаттары үшін керемет бонус болары анық. Бірақ телевидениедегі қаһармандары бөлек өмір сүріп жатыр. Әрқайсысының өз әлемі бар. Айталық «Жебе», «Флэш», «Ертеңгі күннің аңыздары» бір әлемде өмір сүреді, яғни кейіпкерлері өзара кездесіп тұрады. Бэтменнің хикаясына қатысы бар«Готэм» сериалы - детектив Джеймс Гордонның жас кезіндегі бастан кешкендерін баяндайды, бұл сериалдың да өзінің бөлек әлемі бар: онда өз Бэтмені, өз Мысық-әйелі өмір сүріп жатыр. «Супергёрл» - Суперменнің бөлесі туралы жеке сериал, алайда бұнда өз Супермені бар. Әлгі Генри Кавилл ойнайтын Суперменнің кинонұсқасымен еш байланысы жоқ. Яғни телевидение мен кино бір-бірімен сюжеттік, мазмұндық тұрғыдан байланыспайды, тіпті кейбір кейіпкерлер ана жақта да, мына жақта да қайталанып көрініп жатыр. Әлбетте оларды ойнайтын актерлер де әртүрлі. Сөзімізге жоғарыда атап кеткен Флэш/Барри Аллен есімді қаһарман дәлел. Сериалда оны Грант Гастин ойнаса, 16 қарашада шыққалы жатқан DC суперһаһармандарының басын біріктіретін «Әділет лигасы» («Justice League») блокбастерінде бұл кейіпкерді Эзра Миллер ойнайды. Сериалдағы актерді киноға алып келсе – «Warner Bros.» студиясы еш ұтылмас еді, керісінше көрермендерін бір қуантар еді ғой.

Флеш есімді суперқаһарман: сол жақта – теленұсқасы (Грант Гастин), оң жақта – кинонұсқасы (Эзра Миллер)

Франшизаның жалпы дамуын кеңейтіп, тарамдатып жүргізу тұрғысында жобаларды бір-бірімен байланыстырмау дұрыс та шығар. Мультиғалам деген де түсінік бар. Яғни әр кейіпкерге бөлек әлем жасау және параллель әлемдерді бір-біріне қосып қойыртпақтамай-ақ, әр жобаны өзінше тәуелсіз қылу. Бірақ кез келген комикс фанаты үшін сүйікті қаһармандарын бір ғаламда, бір актердің орындауында көру дұрысырақ секілді. Ал кинокомиксқа жаңадан қосылған көрермен болса, бұлардың бәрін түсініп, кімнің қай ғаламға кіретінін білемін дегенше басы ауырып кетуі мүмкін.

Marvel-де қалай дейсіз ғой? Олар телевидение мен кинодағы өнімдерін бір ғаламға біріктіре алды. Мысалы «Қ.А.Л.Қ.А.Н. агенттері» («Agents of S.H.I.E.L.D.») тележобасын алып қарайық. Сериал «Кек алушылар» фильмінде көп айтылатын, көп көрсетілетін ұйым туралы толығырақ баяндайды және актер Кларк Грегг ойнайтын басты кейіпкер – агент Фил Колсон «Кек алушылар» фильмінде де, «Қ.А.Л.Қ.А.Н. агенттері» сериалында да бар. Тағы бір мысал: Капитан Американың алғашқы ғашығы – агент Картерді алып қарайық. Бұл кейіпкер «Капитан Америка: Бірінші кек алушы» («Captain America: The First Avenge»), «Капитан Америка: Қысқы жауынгер» («Captain America: The Winter Soldier») фильмдерінде көрінді және оның бөлек сериалы да шықты – «Агент Картер». Телевидиениеде де, кинода да ойнаған бір актриса - Хэйли Этвелл. Басқа да сериалдарды алып қарасақ, Marvel-дің киноғаламымен байланыс бар екенін анық түсінесің.

Агент Картер: сол жақта - теленұсқасы, оң жақта – кинонұсқасы, екеуін де Хэйли Этвелл ойнайды

Былайша айтқанда Marvel өнімдері көрерменге біртұтас әлем болып жетіп отыр. Бұндай тәсіл, біріншіден, көрерменді әр жобаға шашыратпай, назарды ортақ сюжетке бұрып ұстап тұрады, екіншіден - франшизаның дамуы да бір бағытпен, белгілі бір жүйемен жүреді.

Marvel өнімдеріне қызығушылық көбірек екені, коммерциялық жетістігі де жоғары болуы осындай ерекшелігінен болса керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға