Marvel жаңа Апокалипсис рөліне Дуэйн Джонсонды таңдауы мүмкін

Marvel жаңа Апокалипсис рөліне Дуэйн Джонсонды таңдауы мүмкін
Фото: «Қара Адам» (Black Adam) фильмінен кадр

Америкалық актер Дуэйн Джонсон Marvel кинематографиялық әлеміне қосылуы мүмкін. Инсайдер MyTimeToShineHello мәліметінше, ол «Икс адамдар» франшизасының қайта жүктелетін нұсқасында Marvel тарихындағы ең қауіпті мутанттардың бірі – Апокалипсис рөліне негізгі үміткерлердің қатарында.

Бұл жаңалық алғаш рет былтыр Marvel студиясы «Икс адамдар» туралы жаңа фильм әзірлеп жатқаны белгілі болған кезде тараған. Жобаны «Громовержцы» фильмінің режиссері Джейк Шрайер басқарады. Оның айтуынша, жаңа туындыда басты назар ауқымды экшнге емес, кейіпкерлердің психологиясы мен өзара қарым-қатынасына аударылады. Әзірге фильмнің актерлік құрамы мен басты антагонисті ресми түрде жарияланған жоқ.

Апокалипсис кім?

Апокалипсис – Marvel комикстеріндегі ең көне әрі ең қуатты мутанттардың бірі. Ол алғаш рет 1986 жылы шыққан X-Factor комиксінің бесінші санында оқырманға таныстырылды. Кейіпкердің шын есімі – Эн Сабах Нур. Комикс желісі бойынша ол ежелгі Мысыр дәуірінде дүниеге келген және мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келеді.

Фото: Оскар Айзек сомдаған Апокалипсис. «Икс адамдар: Апокалипсис» фильмінен кадр.
Фото: Оскар Айзек сомдаған Апокалипсис. «Икс адамдар: Апокалипсис» фильмінен кадр.

Апокалипсис «ең мықтысы ғана өмір сүреді» деген қағиданы ұстанады. Ол әлсіздерді табиғи сұрыпталу жолымен жою керек деп есептейді және осы идеологияны жүзеге асыру үшін өзіне қызмет ететін Төрт салт аттыны (Four Horsemen) қалыптастырады.

Кейіпкердің қабілеттері де ерекше. Ол денесінің көлемі мен пішінін өзгерте алады, жасушаларын қалпына келтіреді, аса зор физикалық күшке ие. Бұдан бөлек, телепатия, энергияны басқару, технологияларды бақылау сияқты көптеген қабілеттерді меңгерген. Сондықтан Апокалипсис Marvel әлеміндегі ең жеңуі қиын жауыздардың бірі саналады.

Бұған дейін кім сомдады?

Апокалипсис киноэкранда алғаш рет 2016 жылы шыққан «Икс адамдар: Апокалипсис» фильмінде көрінді. Бұл рөлді гватемалалық актер Оскар Айзек орындады. Алайда жаңа фильмде кейіпкердің бейнесі толықтай жаңаша ұсынылады деген болжам бар.

Фильм қашан шығады?

Marvel студиясы әзірге жаңа «Икс адамдар» фильмінің шығу күнін жариялаған жоқ. Дегенмен инсайдер Джефф Снайдердің мәліметінше, студия фильмді 2027 жылы көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жаңа туынды Апокалипсистің шығу тарихын емес, оның бұрыннан қалыптасқан қуатты қарсылас ретінде пайда болуын көрсетеді деген болжам айтылып жүр.

Айта кетейік, Дуэйн Джонсон суперқаһарман жанрында бұрын да ойнаған. Ол 2022 жылы DC студиясының «Қара Адам» (Black Adam) фильмінде басты рөлді сомдап, ежелгі әрі ерекше күшке ие кейіпкердің бейнесін экранға шығарған болатын.

Оқи отырыңыз