Жаңалықтар

Марста бекет салуды көздейтін студент

Ғалымдар Айгерім Жұмабаеваның жұмысына ерекше қызығушылық танытып отыр
Марста бекет салуды көздейтін студент
12.04.2017 12:00 2353

1961 жылдың 12 сәуірінде тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин қазақ жерінен ғарышқа сапар шекті. Адамзаттың ғарышты бағындырған жаңалығы күллі әлемді дүр сілкіндірді. Содан бері Байқоңыр даласы талай ұшқышты көкке самғатып келеді. Қазақтың нар тұлғалы азаматтары – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев та көк туымызды ғарышта желбіретті. Айдын Айымбетовтің ғарышқа аттанып, елге оралған сәтіне де Алаш жұрты куә болды. Ғарышты бағындыру – ерліктің, батырлықтың белгісі болса,  ғарышкерлердің қауіпсіздігін, зымырандардың талапқа сай болуын қамтамасыз ету инженерлердің біліктілігіне байланысты. Өйткені, кішкене қателіктің өзі үлкен зауал әкелуі мүмкін. Осы орайда біз Байқоңыр қаласындағы Мәскеу Авиация институтының "Ұшу құрылғыларын құрастыру және сынақтан өткізу" мамандығы бойынша білім алатын жастарының жұмыстарымен таныстық.

Бүгінде институттың әрбір білімгерінің ғарыш әлеміне қатысты айналысып жүрген өз жұмысы бар. Оқытушылардың талабы да қатал. Өйткені, келешектегі барлық құрылғы, ракеталардың құрастырылуы осы студенттердің қолынан өтпек. Бірнеше жобаның ішінен ғалымдар 5-курс студенті Айгерім Жұмабаеваның жұмысына ерекше қызығушылық танытып отыр. Марс ғаламшарынан арнайы орбиталық бекет салуды көздеген жас инженер өз жұмысы туралы былай баяндап берді:

Айгерім Жұмабаева, студент:

– Адамзатты Марсқа ұшыру жобасының жоспарын 1948 жылы Вернер Фон Браун жасаған. Ол үшін жерден Марста басқарылатын арнайы кешен ұшырылған. Зымыранға арналған сұйық майларды пайдалана отырып, оның қозғалтқышы арқылы сол кешен Марс орбитасына қарай өтеді. Қызыл планетаға қонғаннан кейін 30 ай бойы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Жерге қайта оралады. Бастапқы есептеулер бойынша кешеннің Жерден ұшардан бұрынғы салмағы 1630 тоннаны құраса, Марстан Жерге оралғандағы салмағы 15 тонна болу керек делінген. 75-80 тонна салмақты тасымалдау үшін ғарышқа 20-25 рет қатынау керек. Демек, өте үлкен массаны ғарышқа жеткізу үшін бірнеше ұшыру жұмыстары жасалуы тиіс. Негізгі мәселе де осы. Бірақ, тиімді тәсілдерді пайдалану арқылы салмақты азайтуға болады. Мәселен, тежегіш құралдарын пайдалану ыңғайлы болар еді. Қазір 30 метрден асатын тежеу экрандарын құрастыру ісі кенжелеп тұр. Ғарыш қызметкерлерінің ғылыми зерттеу жұмыстарына жол ашу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Осы орайда Гомановский траекториясына жақынырақ ұшу экипажға жарық түсуіне ықпал етеді. Себебі, күннен шығатын жарықтың осы маңға түсу мүмкіндігі мол. Сондықтан, мұны ұтымды пайдаланып, ғарышта біршама зерттеу жұмыстарын жасауға болады. Бұдан ғылыми тұрғыда жасауға болатын өзге бірнеше тиімді дүниелер де бар. Адамзат ғарышты бағындырды. Енді  зерттеу жұмыстарын күшейту керек, - дейді Айгерім Болатқызы. Ол Марс орбитасының төңірегіне Жердегі космос станциясы тәріздес Марс орбиталық станциясын тұрғызып, ұшу аппараттарын осы кешеннен Марсқа қондыру жағын, орбиталық бекеттің жылу алмасу процесін шешу жолдарын зерттеп жүр.

Зымыран техникаларын құрастырушылар Циолковский мен Годдардтың ізбасарлары адамзаттың ғарыш кемелері арқылы Айды бағындыра алатынын айтқан. Ғаламшардың тылсым әлемі адамдардың зерттеуге деген ықыласын 100 жыл бұрын оятқан еді. Ғажайып әлем ХХІ ғасырда ерекше қызығушылық тудырып отыр. "Қызыл ғаламшардың" әлі де ашылмаған қырларын зерттеуге Байқоңырдың білімді жастары өз үлестерін қосады деген сенім мол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға