АҚШ-тың танымал файтері Энтони Петтис Threads-та қазақша жазба жариялап, қай жерден дәмді ет жеуге болатынын сұрады. Ол 6 маусым күні Алматыда қазақстандық спортшы Әділ Боранбаевпен жекпе-жек өткізеді.
Тредс қазақтардікі дейді ғой? Рас па? Алматыға жолға шығып жатырмыз. Ең дәмді беш қайда жесек болады?, – деп жазды Threads-те Петтис.
Жекпе-жек 6 маусым күні «Алматы Аренада» Orda Global Fights турнирі аясында өтеді. Жарыстың бас серіктесі Winline букмекерлік компаниясы. Турнирда бұрынғы UFC жауынгері бразилиялық Диего Брандао да өнер көрсетеді. Сондай-ақ Санжар Тажиев Персидский Дагестанец атымен танымал Мохаммад Хейбатиге қарсы қарымта жекпе-жек өткізеді.
39 жастағы Петтис (25-14) ММА-де соңғы рет 2022 жылы өнер көрсетіп, Professional Fighters League ұйымында екі рет жеңілді. Бұдан кейін ол боксқа ауысып, Крис Авиламен жекпе-жекте ұтылып қалды. Петтис жеңіл салмақта 2013-2015 жылдары UFC чемпионы атанған-ды.
Ал 41 жастағы Боранбаевтың (22-13-1) мансабы 2007 жылы басталған. Былтыр ол екі кездесу өткізіп, мамыр айында RCC турнирінде 39 секундта нокаутпен жеңілді. Қыркүйекте Алматыда өткен Absolute Championship Akhmat (ACA) турнирінде қарсыласына жол берді.
Осы сценарий таныс па?
Естеріңізде болса, мұндай маркетинг жолын украин әншісі Светлана Лобода қолданған–ды. Ол Threads-ке тіркелгеннен кейінгі екінші жазбасында Қазақстанға келе жатқанын, қайдан ет жеуге болатын сұрады.
Сәлем, Қазақстан! Я слышала, что казахи захватили Тредс. 25 апреля у меня сольник в Алматы. Посоветуйте где съесть вкусный беш и словить казахский вайб. С авторами лучших рекомендаций познакомимся в гримерке после концерта. Кеттік па, достар? – деп жазды әнші.
Көргеніңіздей, Лобода қазақтың тамырын дөп басып, қазақша араластырып жазғанымен қоймай, етті сұрап, өзіне ұпай жинап алды. Әнішінің маркетинг айласына топ ете қалған қазақтар оны үйіне қонақ етіп, тарту жасады. Осыдан соң тағы бір жазба жариялап, әнші концертіне шақырды. Санаулы күн қалғанда қазақша сөйлеп видео-шақыру жолдап, «Сәлем, Алматы! Сіздерді асыға күтемін. Концерт таза от болады», – деп үстемеледі.
Мұнымен қоймай, Қайрат Нұртаспен дуэт орындайтынын мәлімдеп, тіпті «туысқа» айналып шыға келді. Бұдан ары әр жазбасында «Сен мені күт» әніне әртүрлі тәсілмен сілтеме тастады. «Мен сіздерге ашықпын. Мен сіздерге ғашықпын» деп жүріп, метроға да мінді, Семейге барып шапан да киді. Сөйтіп, кетерінде тағы бір маркетингтің құрығын лақтырды.
Қазақстан, мен сені сағынамын. Кездескенше, достар. Sen meni kut, – деп жазды Лобода.
Міне, Энтони Петтис тура осы маркетинг схемасын қолданып жатыр. Мұны Nomad Media мамандары жазып жатыр ма, әлде Петтистің көмекшілері ме әлі белгісіз. Белгілісі, Энтони қазақтардың Threads-те өте танымал екенінен хабары бар.