Жаңалықтар

"Маңызды және құнды". Мұхтар Алтынбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың жана кітабы туралы пікір білдірді

"Маңызды және құнды". Мұхтар Алтынбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың жана кітабы туралы пікір білдірді
Фото: nazarbayev.kz 06.12.2023 17:38 948

Мемуар жазу мехнаты көп шаруа. Оның үстіне өз дәуірі мен өзіне қатысты әділетті болу кез келген адамның қолынан келмейтін өте ауыр сын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа"  кітабы  осы тұрғыдан алғанда маңызды және құнды. Ол оқырманды тәуелсіз Қазақстанның тарихына жаңа қырынан үңілуге, азаттықтың алғашқы елең-алаң жылдарында ел тізгінін ұстаған тұлғаның көзімен қарауға жетелейді. Бұл туындыны тағдыршешті оқиғаларға толы тұтас бір дәуірдің шежіресі деуге болады.

Өз басым сол кезеңнің куәгері ретінде кітапты парақтай отырып, өткен тарихты тағы бір рет көз алдымнан өткіздім. 1992 жылдың 17 қаңтарында Кремльдегі Съездер сарайында Бүкілодақтық офицерлер жиыны болып жатқан. Нұрсұлтан Әбішұлын сол жолы алғаш рет көрген едім. Кеңес Одағы келмеске кетті, ал оның армиясы, ең бастысы, алапат ядролық қару-жараққа ие әлемдегі ең қуатты әскер әлі әрекет етіп жатқан күрделі жағдай болатын. Бұл бізді ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығын алаңдатты. Генералитет ТМД басшыларының жиынға келуін талап еткенде, оған екі-ақ президент – Б.Ельцин мен Н.Назарбаев қана үн қатты. Сол жиында Қазақстанның тұңғыш президенті сөз сөйлеп, шиеленіскен ахуалдың шешімін табуына бірден-бір себепші болды. Оған офицерлер мен генералдардың орындарынан тұрып қол соққаны әлі есімде.

Жаңа кітабында Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Қарулы күштерінің қалай құрылғанын сөз еткенде еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімін ерекше ықыласпен атайды.

Бұл бұрынғы біртұтас қорғаныс кеңістігі бұзылып, әскери мамандар жаппай тарихи отандарына қоныс аударып, жекелеген әскери бөлімдердің басшысыз қалып жатқан қиын кез еді. Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру, оны жасақтау ісін жолға қою, әскери тәртіпті арттыру, білікті мамандар даярлау сияқты көптеген мәселені тез арада шешу қажет болды.

Автор осы жауапты міндеттің бәрін тәжирбелі де беделді генералдың абыроймен атқарғанын жазады. Бір сөзбен айтқанда төл армиямызды негізін қалауда еліміздің тұңғыш президентімен бірге еліміздің тұңғыш қорғаныс министрінің де еңбегі зор екені даусыз.

Өткенді ой елегінен өткізе отырып, кітапта баяндалған екі маңызды тақырыпқа ерекше тоқталғым келеді. Біріншісі, Қазақстан тәуелсіздігін әлем елдерінің, әсіресе аузын айға білеген мемлекеттердің мойындауы. Бізде бұрын-соңды тәуелсіз мемлекет құру тәжірибесі болған жоқ. Сондықтан тыңнан түрен салудың қаншалықты қиын екенін сол ауыртпалықты өз иығымен көтерген адам ғана біледі.

Кейін еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап барлық беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып, әлем қауымдастығында өзінің лайықты орнын тапты. Қазақстанның Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартып,  әлемге бейбітсүйгіш ел екенін паш етуі өз алдына бөлек әңгіме.

Екінші, кітапта мемлекеттік шекараны бекіту мәселесіне тұтас бір бөлім арналған. Онда шекарадан ши шығып, талай елдер бір-бірімен араз болғанына  мысалдар келтіріп,  жер дауына қатысты тарихи деректер мен оқиғаларға терең талдау жасайды.

Тұңғыш президенттің қажырлы еңбегінің арқасында қазір Қазақстанның барлық көрші елдермен шекарасын шегендеп, бейбіт қатар өмір сүріп жатыр. Баяғылардан «Қоныс таңдама, қоңсы таңда» деген сөз қалған. Құдайы көршіңмен тату-тәтті болғанға не жетсін.

Сондай-ақ, автор кітабында Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы жоқ, бірақ бейнелеп айтқанда бізде екі бірдей «теңіз» бар, ол - Қытай мен Ресей деп жазады. Бұл - экономикалық ықпалдасу арқылы өзара іс-қимыл кеңістігін кеңейту, әлеммен қоян-қолтық араласу дегенді білдіреді. 

Ешкім мәңгілік емес. Уақыт өтеді, ұрпақ ауысады, алайда тарихта Қазақстан атты мемлекеттің қалай құрылғаны, аяғынан қалай қаз тұрғаны туралы дерек алтын әріптермен жазылып қалары анық.

Асылы тарихи тұлғалар мен оқиғаларға баға беруге асықпаған абзал. Бәріне ұлы мәртебелі уақыт төреші. «Таулар алыстаған сайын асқақтайды» деген нақыл содан қалса керек.

Биыл Республика күнінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді», - деді. Бұған менің алып-қосарым жоқ.

Ал, баспадан жаңа шыққан "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа"  кітабына келер болсақ, оның да бағасын оқырман мен уақыт береді деп ойлаймын.

                                                 

                    Мұхтар Алтынбаев,

 армия генералы, Халық Қаһарманы, «ҚР Қарулы  күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық ұйымының  төрағасы

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға