Жаңалықтар

Маңғыстаулық дәрігерлер Құлсары халқына медициналық көмек көрсетіп жатыр

Маңғыстаулық дәрігерлер Құлсары халқына медициналық көмек көрсетіп жатыр
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі 09.04.2024 04:41 356

Құлсары қаласындағы су тасқынына байланысты Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасынан құрылған дәрігерлік штаб мүшелері тиісті медициналық көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, Бейнеу аудандық ауруханасының директоры Берік Абдуллаев, хирург, терапевт, психолог мамандарынан құралған штаб мүшелері Боранқұл ауылдық ауруханасына және арнайы дайындалған білім беру орнына қоныстанған тұрғындарға барып, денсаулығын, хәл-жағдайын тексеріп, ем жүргізіп, психолог мамандар кеңестерін берді. 

Басқарма басшысының тікелей бақылауымен Құлсары қаласында орын алған су тасқынына байланысты эвакуацияланған тұрғындар және емді қажет ететін науқастардың барлығы облыс деңгейінде медициналық көмек алып жатыр. 

Айта кетсек, Бейнеу аудандық орталық ауруханасы, Мұнайлы аудандық орталық ауруханасы, Қарақия аудандық орталық ауруханасы, № 1 Ақтау қалалық бірінші емханасы, №2 Ақтау қалалық емханасы, № 1,2,3 Жаңаөзен қалалық емхансы, Ясин, Нейрон медицина орталықтарына тіркелген құлсарылық тұрғындарды ақ халаттылар қарап, ем-дом жүргізуде. 

Сонымен қатар, отаны қажет ететін науқастар Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында,  «Ана мен бала» орталығында, облыстық балалар ауруханасында тиісті ем алуда. 5-7 сәуір аралығында Бейнеу ауруханасында алты, 8 сәуір облыстық перинаталдық орталықта бір сәби дүниеге келіп, Құлсарыдан келген аналар бөбектерін қолына алды. 

Бұдан өзге басқармаға бағынысты медицина ұйымдары эвакуацияланған тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге толық дайын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға