Жаңалықтар

Маңғыстауға инвестициялық жобалар арқылы 3 трлн теңгеден астам қаражат тартылады

Маңғыстауға инвестициялық жобалар арқылы 3 трлн теңгеден астам қаражат тартылады
Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігі 28.04.2023 20:44 979

Маңғыстауда үш инвестициялық жобаны іске асыру аясында 3 мыңнан астам тұрақты және құрылыс кезеңінде 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, облыста инвестиция тарту соңғы жеті жылда 88 пайызға өскен, соның аясында ондаған жоба орындалуда. Облыста жалпы 900 миллиард теңгеден астам қаржыға 32 инвестициялық жоба пулы қалыптасты.

Бұл ретте облыста ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде, соның бірі – «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындарын игеру. Жобаны жүзеге асыру $6 млрд тартады. Жобаны ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде 2000 жұмыс орны ашылады. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр, - делінген мәліметте.

Ал жобалау жұмыстары 2023 жылы басталады, ал келесі жылдың соңында болат құрылымдардан теңіздегі кешен платформаларынның құрылысын салу жоспарланған. Кешен жағалаудан 64 шақырым жерде «Қаламқас-теңіз» құрылымында орналасады.

Инвестиция тартуға бағытталған тағы бір жоба - полипропилен өндірісі. Облыс әкімдігі полипропилен шығаратын жаңа зауыт құру мәселесін пысықтау үшін әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.

Жоба «KMG PetroChem» компаниясының бастамасымен «Жаңа полипропилен қондырғысының құрылысы» жобасын зерделеу бойынша жұмыстар басталды. Келіссөздер оң нәтиже берген жағдайда 2026 жылы 1 млрд АҚШ долларын тарта отырып, зауыт іске қосылады деп жоспарланып отыр. Құрылысқа 3 мыңға дейін адам тартылса, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 800 тұрақты жұмыс орны ашылады, - дейді әкімдіктегілер.

Сонымен қатар Маңғыстауда ірі жобаның бірі – 980 млн АҚШ долларын құрайтын металлургиялық зауыт.

Жаңа зауытта 2500 жаңа жұмыс орны құрылады, ал оның құрылысына 6000 адамды жұмысқа тарту жоспарлануда.

Осылайша, үш жоба арқылы облыс экономикасына шамамен 8 миллиард АҚШ долларын немесе 3,6 триллион теңгеге жуық қаражат түседі. 3 мыңнан астам тұрақты және 9 мыңнан астам уақытша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға