Маңғыстау облысында өткен жылы үш баласынан иіс тиіп, айырылған 51 жастағы Күмісай Палекеева қайтадан ана атанды. Әйел экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісінің көмегімен қыз баланы дүниеге әкелді.
Перинаталдық орталықтың мәліметінше, нәрестенің салмағы – 3400 грамм, бойы – 52 сантиметр. Әйел кесарь тілігі арқылы босанған. Жүктілік кезеңі асқынусыз өткен. Қазір ана мен сәбидің жағдайы жақсы.
Жаңа туған қызға Ария есімі берілген. Бұл есімді әкесі таңдаған.
Күмісай Палекееваның айтуынша, ол 51 жасында қайтадан ана атанамын деп ойламаған. Алайда жақындары мен дәрігерлердің қолдауымен ЭКҰ жасатуға шешім қабылдаған.
Үш баласынан айырылғаннан кейін ерлі-зайыптылар үшін бұл шешім өмірге деген үмітті қайта оятудың бір жолы болған. Қайғылы оқиғадан кейін клиникалардың бірі отбасына ЭКҰ рәсімінен тегін өтуге сертификат сыйлаған.
Бұған дейін, биыл қыркүйек айында ерлі-зайыптылар 13 жастағы ұл баланы асырап алған.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылы Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданына қарасты Қаламқас тұрғын алабында болған. Тұрғын үйде көміртегі тотығының таралуы салдарынан Күмісай Палекеева мен оның жұбайы үш баласынан айырылған.
Балалар иіс газынан уланып, көз жұмған. Бұл оқиға отбасы үшін орны толмас қайғыға айналды.
Үш баласынан айырылған отбасы ауыр қайғыдан кейін өмірін қайта жалғастыруға күш тапты. Бүгінде ерлі-зайыптылар асырап алған ұлын тәрбиелеп, енді дүниеге жаңа келген қызының қызығын көрмек.