Жаңалықтар

Маңғыстауда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын бұзу туралы деректер анықталды

Маңғыстауда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын бұзу туралы деректер анықталды
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі 04.11.2023 10:17 669

Маңғыстау облысы прокуратурасының алқа отырысында мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау нәтижелері қаралды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі Бас прокуратуранының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алқа отырысына облыстық мәслихат төрағасы, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, облыс әкімінің орынбасары және уәкілетті органдардың басшылары қатысты.

Биылғы жылдың басынан бері прокуратура мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын бұзудың 7 мыңнан астам фактісін, оның ішінде конституциялық құқықтарды бұзу фактілерді анықтады, олардың кейбіреулері жүйелі сипатта болды.

Атап айтқанда, инватакси қызметтерін көрсету тәртібінің сәйкессіздігі анықталды, олар заң талаптарын бұза отырып, тек жұмыс күндері 8 сағаттық кесте бойынша көрсетілді, ал заңға сәйкес үзіліссіз, оның ішінде демалыс және мереке күндері көрсетілуі тиіс.

Талаптарды бұза отырып, мүгедектігі бар 3 мыңнан астам адам жеке оңалту жоспарында көзделген тауарлар мен қызметтердің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз етілмеген.

Қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымның 100-ден астам объектісі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта талаптарына сәйкес келмейтіні анықталып, қадағалау актісі бойынша жауапты тұлғалар 7,5 млн теңгеге әкімшілік айыппұлдарға тартылды.

Ең сорақысы, қорытындыларды дұрыс толтырмаған медицина қызметкерлерінің кесірінен өздері аурудан зардап шегетін 100 тұлға мүгедектік туралы куәландырудан қайта өтуге мәжбүр болды.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың жеке көмекшілері мен ымдау тілі мамандарынан 66 млн теңге мөлшерінде ақша қаражаты заңсыз ұсталғаны анықталған.

Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқықтары мен инклюзивті білім беру саласында бұзушылықтар орын алды.

Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою және кінәлі адамдарды заңда көзделген жауаптылыққа тарту туралы прокуратурамен қадағалау актілері енгізді.

Облыстық әкімдікте мүгедектер істері жөніндегі кеңесшінің штат бірлігін ашу, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетуге такси агрегаторларын тарту, сондай-ақ «кедергісіз қала» пилоттық жобасын іске асыру бойынша ұсыныстар енгізілді.

Алқа отырысының нәтижесі бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленді, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмалар берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға