Жаңалықтар

Маңғыстауда балық өндірісі дамуда

Маңғыстауда балық өндірісі дамуда
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы 29.04.2023 22:10 1025

Маңғыстау өңірінде балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес 2030 жылға дейін Қазақстан бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспарланды. Соның ішінде Маңғыстау  өңірінде тауарлы балық өсіру көлемін 100 мың тоннаға жеткізу көзделген. 

Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде 3 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Екі зауыт бекіре тұқымдас балықтарды, ал біреуі жайын балығын өсіру  бағытында қызмет етеді. Бағдарламадағы көрсеткішке  сәйкес былтыр 37 тонна балық өсіру тиіс болатын.  Алайда аталған 3 кәсіпорынмен бірге 47,5 тонна балық өсіріп, жақсы нәтиже көрсеттік. Биыл өнім көлемін 73 тоннаға көбейтіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Арман Молдашев.

Сондай-ақ, балық шаруашылығы басқарма басшысының айтуынша, балық кәсібін дамытуды көздеген кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетеді. Мәселен, бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдас балықтар мен олардың будандарын, шаян тәрізділерді өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарының 30 %-ы, аталған балық шабақтарының, үлкен аналық табындарының, дәрі-дәрмектердің және балық өсіру биологиялық негіздеме құжаттарына кеткен шығынның 50%-ы өтеледі. 

 «Қазақ осетр» ғылыми-өндірістік кәсіпорны соңғы екі жылда мемлекет қолдауына ие болған. Балық кәсіпорны директорының орынбасары Азамат Жақыповтың айтуынша, мемлекет балықтар жемінің 30 %-ына және бекіре тұқымдас балық шабақтарын сатып алу кезінде кеткен шығындардың 50 %-ына қолдау көрсеткен.

 Мекеме 2014 жылы іске қосылды. 8 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеміз. Қызыл кітапқа енген 6 түрлі асыл тұқымдас балықтарды өсірумен айналысамыз. Жылына 30 тонна балық өсіреміз. Асыл тұқымды балық болғандықтан жемін арнайы Нидерландыдан алдыртуға тура келеді. Өйткені сапалы жем ғана балықтың тез өсіп, дамуына ықпал етеді. Дәл қазіргі сәтте кәсіпорында 38 бассейн, 9000 бас балық бар, -деді Азамат Жақыпов.

Кәсіпкер аталған бекіре тұқымдас 4 тонна балық шет елдерге экспортталатынын айтты. Сонымен қатар ол алдағы уақытта 1 гектар аумақты тағы да 3 гектарға ұлғайтып, балықты ашық кеңістікте өсіруді көздейді. 

Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған 3 кәсіпорыннан бөлек 5 субъект бар. Солардың бірі – СПК «Кәусар  бұлақ» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Талғат Сүлейменовтың айтуынша, ол әуелі егін, мал шаруашылығын қолға алған. Кейіннен балық шаруашығын қатар алып жүруді шешім қабылдаған. Өйткені балықтан көретін пайда да көл-көсір. 

Ауданы 1800 текше метрді құрайтын арнайы тоған салып, 28 мың кішкентай шабақтарға тапсырыс бердім. Әзірге 6500 шабақ келіп, сазан, тұқы, ақ амур секілді балықтарды өсіріп жатырмыз. Келер жылы бассейннің жанында әдемі саябақ салуды жоспарлап отырмыз. Тұрғындар мұнда демалуға келіп, балықты өздері аулай алады. Аулада өсетін жеміс-жидектер мен көкөністерді өз қалауынша теріп, сатып ала алады, - деді Талғат Сүлейменов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға