Маңғыстауда 13 жастағы баланың өлімі: іс сотқа жолданды

Маңғыстауда 13 жастағы баланың өлімі: іс сотқа жолданды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры 13 жастағы жасөспірімнің өлімінен кейін қызметінен босатылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен жергілікті атқарушы органдар деңгейінде құрылған комиссия Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қалалық №2 емханасында жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру нәтижесінде медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталған.

«Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Медициналық көмек көрсету фактісі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды», – деп жазды Ақмарал Әлназарова.

Министр Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жағдайды бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Сондай-ақ ол Астанада қайтыс болған баланың анасын жеке қабылдайтынын жеткізді.

«Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес, нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді. Астанада қайтыс болған баланың анасын жеке қабылдаймын. Отбасы үшін бұл – орны толмас қасірет. Кінәлілер әділ жазасын алады», – деді министр.

Оқиға қалай болған?

Баланың анасы Жұлдыз Азанованың айтуынша, 17 қаңтарда ұлының іші кенеттен қатты ауырған. Жасөспірім аппендицит болуы мүмкін деген күдікпен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген.

Алайда шамамен үш сағат бақылауда болғаннан кейін оны үйіне жіберген.

Баланың жағдайы жақсармаған. Ішінің ауыруы басылмай, дене қызуы көтерілген. Отбасы бірнеше рет емхана мен инфекциялық ауруханаға жүгінгенімен, нақты диагноз қойылмай, жасөспірім қайтадан үйіне жіберілген.

Жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана бала ауруханаға жатқызылып, ота жасалған.

Анасының сөзінше, уақыттың жоғалуына байланысты операция кезінде дәрігерлер баланың аппендиксімен бірге ішегінің едәуір бөлігін де алып тастауға мәжбүр болған. Ота барысында жасөспірімнің жағдайы бірнеше рет күрт нашарлап, жүрегі тоқтаған сәттер болғаны айтылды.

Кейін бала санитарлық авиация арқылы Алматыға жеткізіліп, емін жалғастырған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Министрлік тексеру жүргізді

Жасөспірімнің өлімінен кейін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардағы көмек көрсету сапасына қатысты тексеру бастаған болатын.

Тексеру қорытындысында медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсету кезінде өрескел бұзушылықтар болғаны анықталды.

Нәтижесінде Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Ал медициналық көмек көрсетуге байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа берілді.

Денсаулық сақтау министрлігі істің әрі қарайғы барысын және өңірдегі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз