Жаңалықтар

Маңғыстау өңірі кәсіпшілік балық аулау бойынша көш бастады

Маңғыстау өңірі кәсіпшілік балық аулау бойынша көш бастады
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі 10.02.2024 12:18 415

Маңғыстау облысы кәсіпшілік балық аулау бойынша алдыңғы орында. Көрсеткіш Каспий теңізінен ауланатын балықтар мен өзге де су жануарлардың көлеміне негізделген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңірлік қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Абзал Бақытжанұлының айтуынша, өңірде кәсіпшілік балық аулаумен маусымдық негізде 811, тұрақты 75 балықшы айналысуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта облыс әкімдігі тарапынан кәсіпкерлердің ұсынысымен шабақ балығының квотасын игеру және оны терең өңдеу қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда, шабақ балығын аулауға бөлінген квотаның көлемі 8 мың тн болса, алдағы уақытта осы көлемді 72 мың тн-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл Каспий теңізі әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді. 

Былтыр облысымызда 71,5 тн балық өсірілген. 2021 жылға дейін өңірде тек бекіре тұқымдас балық түрлері өсіріліп келсе, қазір жайын, цихлид, дөңмаңдай, ақ амур және тұқы тұқымдас балықтар өсіріліп жатыр. Өңірдегі балық шаруашылығының дамуына мемлекеттің де қолдауы зор. Атап айтқанда, балық шаруашылығына жергілікті бюджеттен 2022 жылы 10,5 млн теңге, 2023 жылы 20,5 млн теңге және 2024 жылы 28,8 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлер негізінен балық азықтарын сатып алу және балық өсіру материалын сатып алу шығыстарын өтеу үшін субсидия алуда.

Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту үшін Маңғыстау облысының агроөнеркәсiптік кешен саласында инновациялық жобаларды iрiктеудi ұйымдастыру қағидасына сәйкес, «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» 019 бағдарламасы бойынша 50 млн теңге қаражат қаралды.
Бағдарлама аясында «Қазақстан Қолданбалы Экология Агенттігі» ЖШС-нің «Ақтау қаласындағы жылыжай кешені базасында албырт балығының аналық үйірін қалыптастыру және инкубациялық цех құру» жобасы іске асырылуда.

«Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес, Маңғыстау облысында 100 мың тонна балық өсіру көзделген. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін, Каспий теңізінде тор қоршамада акваөсіру шаруашылықтарын ашу қажет. Осы мақсатта, Маңғыстау облысының теңіз акваториясының табиғи-климаттық жағдайларында тор қоршамада тауарлы балық және өзге де су жануарларын өсіруге тиімді учаскелерді анықтауға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылды. Ғылыми ұйымның беретін зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Каспий теңізінің маңғыстаулық секторынан тор қоршамада балық өсіретін 20 шаруашылықтың учаскелерін белгілеуге мүмкіндік туады, - деді Абзал Бақытжанұлы.

Бүгінде өңірде тауарлы балық өсірумен айналысып жатқан кәсіпорындардың саны артуда. Солардың бірі - Ақтау қаласындағы «Natali company» ЖШС. 6 жыл бұрын құрылған кәсіпорын 2022 жылы 22 тонна жайын, 2023 жылы 32 тонна жайын және цихлид балық түрлерін өсірген. Кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып жатыр.

Сонымен қатар, өңірде дөңмаңдай, ақ амур және тұқы тұқымдас балықтарды өсірумен айналысатын шаруа қожалықтың бірі - «СПК Кәусар бұлақ» шаруа қожалығы. Қожалық басышысы Талғат Қалбайұлының айтуынша, былтырғы көктемде сатып алынған балықтар салмағы қазір 1 келіден асқан. 

Балықшылар үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Қожалықта балық өсіретін 10 тонналық 30 бассейн салынып жатыр. Алдағы уақытта, балық шабақтарын бассейндерде өсіріп, аулау мақсатында тоғандарға жіберу жоспарда бар, - деді Талғат Қалбайұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға