Жаңалықтар

Маңғыстау облысында қылмыс деңгейінің төмендегені байқалды

Маңғыстау облысында қылмыс деңгейінің төмендегені байқалды
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі 18.06.2024 22:15 410

Маңғыстауда  биыл былтырғы есептік кезеңмен салыстырғанда өңірде қылмыс деңгейі 1388-ден 1370-ке дейін яғни 1,3% - ға төмендеген, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Бұл туралы өңілік қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы Данияр Төлегенов мәлімдеді. 

Спикердің айтуынша, өңірде алаяқтардың тұзағына түскен  азаматтар санының артуына байланысты осы қылмыспен күресу және алдын алу өзекті мәселелердің бірі ретінде қаралған.

Жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндердің көптігінен алаяқтық көбеймесе, азаймай отыр. Бұған адамдардың сенгіштігі мен заңды дұрыс білмеуі өз үлесін тигізуде. Статистика бойынша өңірде алаяқтық қылмысы сан жағынан бірінші орын алатын аса кеңінен таралған қылмыс. Мысалы 2023 жылдың қаңтар айынан 2024 жылдың наурыз айы аралығында жергілікті азаматша «Instagram» әлуметтік желісіндегі өз парақшасы арқылы арзан бағада «Айфон 14, 15» маркалы ұялы телефондарын әкеліп беремін деп жәбірленушілердің сеніміне кіріп, ақша қаражаттарын алдап алған. Бүгінгі күні 238 жәбірленушіге 147 млн.теңгеге шығын келгені анықталған,-деді Данияр Төлегенов.

Сонымен қатар спикер алаяқтардың әлеуметтік портретіне тоқталды.

Алаяқтардың әлеуметтік портреті 21 мен 49 жас аралығындағы жұмыссыз, көбіне жоғары білімі жоқ азаматтар. Бүгінгі таңда облысымызда алаяқтықтың ең көп тараған түрі — интернет алаяқтық, жұмыспен қамту,қызметтер көрсету мақсатында, жылжымайтын мүлікті сату, табысты ұлғайту, тауарға тапсырыс беру саласындағы алаяқтық. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін тек ресми ақпаратқа сеніңіз, жеке басыңызды анықтайтын және жеке шоттарыңыз бойынша мәліметтерді белгісіз тұлғаларға бермеу қажет,-деді Данияр Төлегенов.

Сонымен қатар брифинг барысында  Маңғыстау облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Әскер Иванов облысы бойынша кеңінен тараған қылмыстың бірі- есірткімен байланысты екенін айтты.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес өңірде биылғы 5 ай кезеңінде есірткіге байланысты қылмыстардың тіркелуі 23,4 % өскен.Көрсетілген кезеңде облысымыздағы құқық қорғау органдарымен жалпы салмағы 93 келіні құрайтын (99 кг) есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде гашиш – 40 грамм, марихуана – 90 келі, апиын және синтетикалық есірткі заттары – 1,5 келіні құрады. Талдау нәтижесі көрсеткендей өңірде көбіне марихуана есірткі заттары тәркіленеді,-деді Әскер Иванов.

Сондай-ақ, спикер ата-аналарға балаларын жіті қадағалауды тапсырды.

Қазіргі таңда ұялы телефонның әсерін өте жақсы білесіздер. Дегенмен әр ата-ана баласы үшін алаңдап, бақылауда ұстауы тиіс. Өйткені жоғарыда аталған фактілер студенттер мен оқушылардың арасында да жиі кездеседі. Жастық шақтың буымен, білместікпен жасағанымен барлығы заңмен қаралып, жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз,-деді Әскер Иванов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға