Жаңалықтар

Маңғыстау мемлекеттік архивіне 100 жыл

Маңғыстау мемлекеттік архивіне 100 жыл
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 02.11.2023 03:09 693

Маңғыстау мемлекеттік архивіне 100 жыл толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 1923 жылдың 1 қарашасы күні Адай революциялық комитетінің жаңадан бекітілген штаттық құрылымы негізінде тұңғыш рет Орталық өлкелік архиві ашылды.

Адай революциялық комитетінің 1923 жылы 18 қазанда өткен кезекті отырысы Маңғыстау өлкесіндегі  орталықтандырылған архив ісін құрудағы тарихи қадам жасалған күн болатын. Осы отырыста толтырылған хаттама тарихи құжат ретінде облыстық мемлекеттік архивтің аса құнды қорында сақталған.

Маңғыстау мемлекеттік архивіне 100 жыл

1924 жылы Орталық өлкелік архив Қазақстанның революцияға дейінгі тарихына қатысты құжаттарды, деректерді сақтап қалу және оларды ғылыми айналымға енгізу мәселесін көтеріп, жинақтай бастады.

Маңғыстау өлкесінде алғашқы архив ісін ұйымдастыру мен қалыптастыруда жергілікті жердің орталықтан шалғайлығы, сауатты кадрлардың жетіспеуі және құжаттарды сақтайтын арнайы орын-жайлардың болмауы архив ісін толыққанды жүргізу қиындықпен жүзеге асты.

Маңғыстау мемлекеттік архивіне 100 жыл

1928 жылдың 17 қаңтарында Адай уезі Адай округі болып қайта құрылып, орталығы Ойыл қаласы болды. Осы орайда Адай округінің аумағында алты аудан ұйымдастырылды. Соның бірі – 1928 жылдың 3 қыркүйегінде құрылған, орталығы Форт-Шевченко қаласында орналасқан Маңғыстау ауданы еді.

1928 жылдың тамызында республикадағы аумақтық-әкімшілік реформаларға сәйкес, Қазақстан Орталық архивіне қарасты губерниялық архивтер жойылып, олардың базасы негізінде округтік архивтер құрылды. Адай уездік архив бюросы да Адай округтік архив бюросы мәртебесін алды.

Маңғыстау өлкесінде алғашқы Маңғыстау аудандық архиві 1934 жылы құрылды. XX ғасырдың 30-40 жылдары өлкенің саяси, шаруашылық, әлеуметтік хал-ахуалын бейнелейтін құнды архив құжаттарының басым бөлігінің аудандық архивтерге қабылдануы, сақталуы, ғылыми айналымға енуінің алғашқы қадамдары жасалды.

Маңғыстау мемлекеттік архивіне 100 жыл

1973 жылғы 20 наурызда Маңғышлақ облысы құрылып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Бас архив басқармасының  бұйрығымен облыстық архив бөлімі және Маңғышлақ облысы мемлекеттік архивінің негізі қаланды.

1978 жылы облыстық мемлекеттік архив Шевченко қаласында арнайы салынған типтік ғимаратқа көшіріліп,  қазірге дейін осында орналасқан. 1980 жылдан бастап облыстық мемлекеттік архивтің қалалық, аудандық филиалдары құрылған .

Бүгінгі күні мемлекеттік есеп бойынша облыстық мемлекеттік архивте 770 архив қоры, 220742 сақтау бірлігі бар. Олардың ішінде 207661 басқарушылық құжаттама, 1328 жеке тектік құжат, 4469 ғылыми-техникалық құжаттама, 6792  фото құжат, 177 киноқұжат, 209 бейне құжат, 106 дыбыс жазбалары бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға