Мамырдан бастап хабарламалар жіберіледі: банктер аударым деректерін тапсырды

 Бауыржан Жуасбаев
Фото: Бауыржан Жуасбаев
Қазақстандағы барлық екінші деңгейлі банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді салық органдарына тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта салық органдары түскен ақпарат көлемін өңдеп, салыстырып жатыр. Сондықтан әзірге нақты қанша азаматқа хабарлама жіберілетіні және қандай санаттағы тұлғалар қамтылатыны жөнінде айту ерте.

Бүгінде барлық банктер деректерді ұсынды. Біз бұл ақпаратты қабылдадық. Қазір мәліметтерді өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Қандай санаттар, қандай шаралар қолданылатыны туралы әзірге нақты айта алмаймыз. Алғашқы хабарламалар мамыр айында жіберіледі, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол салық органдарына мәліметтерді жан-жақты саралап, азаматтарды жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бейрезиденттер және өзге де санаттарға бөлу қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, әртүрлі банктерден түскен ақпарат өзара салыстырылады, себебі бір азамат бірнеше банкте есепшот ұстауы мүмкін.

Қазір нақты қанша адамға хабарлама жіберілетінін айтуға әлі ерте. Мамыр айында хабарламалар жолдана бастайды, – деп толықтырды Ержан Біржанов.

Бұған дейін не белгілі болды?

Бұған дейін 15 сәуірге дейін банктер 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша мобильді аударымдарға қатысты деректерді салық органдарына өткізуі тиіс екені хабарланған еді.

Фискалдық органдар төмендегі үш талап бір мезетте орындалған жағдайда ғана тексеріс жүргізеді:

  • аударымдар 100 және одан көп әртүрлі адамнан түскен болса;
  • бұл жағдай қатарынан үш ай бойы қайталанса;
  • жалпы сома 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен асып, 1 020 000 теңгеден жоғары болса.

Қаржы министрлігі бұл шаралардың автоматты түрде айыппұл салуды көздемейтінін атап өтті. Алдымен азаматтарға хабарлама жіберіліп, түсініктеме сұралады. Содан кейін ғана әрбір жағдай жеке қаралып, шешім қабылданады.

Сондай-ақ мұндай хабарламаға оны алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде жауап беру қажет.

Оқи отырыңыз