Мамырдағы демалыс күндері қайда саяхаттауға болады

 Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Мамыр жақындағанда, алдымен жаймашуақ ауа райы, мереке мен демалыс еске түседі. Ал биыл 1 мамыр (жұма) күнге тура келсе, 7 мамыр (бейсенбі) және 9-11 мамыр аралығында қатарынан демалыс күндері күтіп тұр.

Көктемнің бұл мезгілінде табиғат та ерекше құлпырады. Ендеше мерекелік демалыс күндерін пайдаланып миыңызды да тынықтырып, еліміздің көрікті жерлерімен тағы да жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік бар. Асы орайда aviasales.kz ұсынған тізімді де назарға алдық.

Қазақстанда қайда баруға болады?

Кейде тіпті жақын маңдағы саябақтарға барып, отбасыңызбен бірге уақыт өткізудің өзі кәдімгідей күш сыйлайды.

Қызғалдақ гүлдеген даланы тамашалаңыз

Жабайы қызғалдақтар – қазақ даласының көктемдегі ең көркем көріністерінің бірі. Кең дала алқызыл түске боялып, ерекше әсер сыйлайды. Бұл гүлдер жыл сайын әртүрлі жерде гүлдейді: Қапшағай бағыты, Алматы-Талдықорған жолы немесе Қордай асуы маңы. Әдетте олардың ең әдемі шағы мамырдың басына сәйкес келеді.

Табиғатты аялауды ұмытпаңыз: гүлдерді жұлуға, таптауға, олардың үстінде демалуға немесе көлікпен жүруге болмайды. Таңертең ерте барсаңыз, адам аз кезде табиғаттың тұмса сұлулығын еркін тамашалай аласыз.

Ақтау мен Бозжыра бағыты

Демалысты ерекше өткізгіңіз келсе, батысқа – Ақтауға аттаныңыз. Мамыр айында Каспий жағалауы жылынып, серуендеуге қолайлы болады. Теңіз толқынын тыңдап, жартасты жағалаумен жүріп қайту – ерекше әсер сыйлайды. Қалада заманауи қонақүйлер мен мейрамханалар да жеткілікті.

Ал Маңғыстауға барсаңыз, Бозжыраға міндетті түрде соғыңыз. Ақ борлы алып жартастар мен кең жазық – нағыз ертегі әлемін еске салады. Мамырда ауа райы қолайлы болғандықтан, шатыр тігіп түнеуге де болады. Тек кешкі салқынға дайын болуды ұмытпаңыз.

Қазақстан қалаларын аралаңыз

Егер табиғатқа шығуға мүмкіндік болмаса, жаңа қалаға барып көріңіз.

Алматы – серуендеуге өте қолайлы қала. Күн жылы, қалада серуендейтін жерлер көп. Қаланың тарихын білгіңіз келсе, арнайы экскурсияларға қатысуға болады.

Қарағанды да қысқа сапарға лайық. Мұнда «Шахтер даңқы» монументін, Кеншілер мәдениет сарайын көріп, Қарлаг мұражайына баруға болады.

Ал табиғатқа жақын болғыңыз келсе, Бурабайға жол тартыңыз. Астанадан үш сағатта жетесіз. Қарағайлы орман, таза ауа және тыныштық – демалысқа таптырмас орын.

Оңтүстікке барғыңыз келсе, Тараздан бастаңыз. Мамырда қала ерекше жасыл әрі жайлы болады.

Шымкентте Қошқар ата өзеніне барып, жергілікті тағамдардан дәм татыңыз. Сапарды Түркістанмен жалғастырып, Яссауи кесенесі мен «Керуен-сарайды» тамашалауға болады.

Таңбалы тас пен Іле өзені

Алматыдан 170 шақырым жерде орналасқан Таңбалы тас шатқалы – тарихи әрі табиғи көрікті мекен. Мұнда жартастарға қашалған будда бейнелері сақталған.

Бұл жер кемпинг үшін де өте ыңғайлы. Іле өзенінің жағасында шатыр тігіп, сап-борд немесе рафтингпен айналысуға болады. Табиғи аймақ болғандықтан, қауіпсіздік пен тазалық талаптарын сақтаған жөн.

Көлсай мен Шарын шатқалы

Тау табиғатын сағынсаңыз, Көлсай көлдеріне барыңыз. Мамырда мұз еріп, көл суы қою көгілдір түске енеді. Айнала жасыл желекке оранады.

Жолда Шарын шатқалына соғып, «Қамалдар аңғарында» серуендеуге болады. Бұл кезде ауа райы қолайлы, табиғаттың көрінісі ерекше әсер қалдырады.

Оқи отырыңыз