Жаңалықтар

МӘМС жүйесі: қолжетімді медициналық көмек қалай беріледі

МӘМС жүйесі: қолжетімді медициналық көмек қалай беріледі
Фото: El.kz 02.03.2023 13:30 1583

Жұмыссыз ретінде тіркелмеген, яғни сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалмайды. Оларға  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қарастырылған медициналық қызметтер көрсетіледі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өз жұмысын бастағанына үш жылдан асты. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, денсаулық саласына бөлінген қаражат 2 есеге өскен. Ендеше әр азаматқа қолжетімді медицина қалай жүзеге асып жатыр? Азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қандай медициналық қызметтерді ала алады? Сақтандыру қорына қатысты осы және өзге де маңызды сұрақтарға қатысты жауап іздеп көрдік.  

«Әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық қызметтерді толық көлемде, уақытылы алуға құқылы. Сақтандыру мәртебесін сақтау үшін айына ең аз дегенде 3500 теңге төлей отырып, пациент  қажет емді толық көлемде ала алады. Яғни қажетті тексерулерден өтіп, оған жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгеге операция жасай алады, оңалту курсынан өтіп, амбулаториялық негізде дәрігердің бақылауында болады. Бұл жерде пациент медициналық қызметтер үшін қосымша төлем жасамайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті пациенттерге қажет негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Атап айтар болсақ, қымбат анализдер, тексерулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар және өзге де қызметтер кіреді», - деп жауап берді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымы. 

МӘМС тізіміне мыналар кіреді:

  1. Амбулаториялық жағдайдағы медициналық көмек (ауруларды диагностикалау және емдеу):

- скринингтік зерттеулер;

- участкелік дәрігерлерінің жолдамасы бойынша бейінді мамандардың консультациялары;

- ауруларды диагностикалау және емдеу;

- халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысандағы стоматологиялық көмек;

- созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы;

- диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ және т.б.);

- күндізгі стационар және үйдегі стационар;

- рәсімдер мен манипуляциялар;

Тәулік бойғы стационарда ауруларды емдеу және диагностикалау. Бұл жерде біз барлық аурулар бойынша медициналық көмек туралы айтамыз, соның ішінде қымбат тұратын операциялар;

Диагностика және емдеу хаттамаларында көзделген барлық аурулар бойынша медициналық оңалту;

Скринингтік зерттеулерді, операцияларды және өзге де жүргізу кезінде биоматериал жіберілетін гистологиялық, цитологиялық және басқа да зерттеулерді қамтитын патологиялық-анатомиялық диагностика;

Транспланттау кезіндегі диагностикалық зерттеулер;

Дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету.

Биыл «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымы 1389 ұйыммен келісімшартқа отырды. Оның ішінде, 717 ұйым жекеменшік клиника. Әлеуметтік желіде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымы өз жұмысын бастағалы бері медициналық көмектен құр қалдым» деген пікірлерді жиі оқимыз. Азаматтардың көкейінде жүрген осы сауалды аталмыш ұйымға қойдық. МӘМС жүйесі арқылы еш жерде жұмыс істемейтін адам көмек ала ала ма?   

«Еш жерде жұмыс істемейтін, табыс көзі жоқ адамдар тұрғылықты жері бойынша «Жұмыспен қамту орталығына» барып ресми жұмыссыз ретінде тіркелсе, ол мемлекет есебінен сақтандырылады, яғни 15 жеңілдік категориясына кіреді. Ол азаматтар МӘМС есебінен емделетін азаматтармен тең дәрежеде медициналық қызмет түрлерін ала алады. Ал жұмыссыз ретінде тіркелмеген, яғни сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалмайды. Оларға  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қарастырылған медициналық қызметтер көрсетіледі. Оған шұғыл жағдайларда медициналық көмек, учаскелік маманның қабылдауы, шұғыл операциялар, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу және дәрі дәрмекпен қамту кіреді. Себебі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) ҚР азаматтарына, қандастарға және тұрақты тұратын шетелдіктерге қолжетімді. ТМККК шеңберінде пациент емхана деңгейінде алғашқы қызметтерді, жедел көмекті, санитариялық авиацияны және шұғыл стационарлық көмекті, дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулар кезінде медициналық көмекті алады. Шұғыл медициналық көмек азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қармастан көрсетіледі», - деп жауап берді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымы

Биыл МӘМС ұйымы 852 млрд теңге көлемінде келісімшартқа отырмақ. Сақтандыру қоры құрылғаннан уақыттан бері есептесек, қорға азаматтардан 1.8 трлн теңге қаражат түскен. Елімізде әрбір азамат жалақасыныңы 2%-ін қорға жарна ретінде аударады, бірақ жалпы қаражат сомасы 12 мың теңгеден аспауы тиіс. Ал жеке кәсіпкерлер 3500 теңге көлемінде жарна төлейді. Жұмыс беруші өз қызметкері үшін жалақының 3 %-ін төлуге міндеттелген.

2020 жылы денсаулық сақтау саласына 1,41 трлн теңге қаражат бөлінсе, оның 400,9 млрд теңгесі МӘМС-ке бөлінген, 2021 жылы денсаулық сақтау саласына 2,2 трлн теңге, оның 694 млрд-ы МӘМС-ке, ал 2022 жылы денсаулық сақтау саласына 2,09 трлн, оның 838 млрд-ы МӘМС-ке бөлінді.

Ай сайын аударып отырған қаржатыңызды egov.kz сайты арқылы тексеріп көруге болады.   

Әскерилер мен арнайы мемлекеттік орындар мен құқық қорғау орындарының қызметкерлері МӘМС жүйесінен босатылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға