Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жүргізілген бақылау нәтижесінде 23,4 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. Сонымен қатар заңсыз төленген 7,9 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілгеннен кейінгі тоғыз ай ішінде қаржылық бақылау күшейтіліп, бірқатар заңбұзушылықтың жолы кесілген.
Қаржының мақсатсыз жұмсалуын болдырмау үшін қор жасанды интеллект негізіндегі антифрод жүйесін енгізуде. Бұл технология медициналық ұйымдарға қаражат аударылғанға дейін күмәнді операциялар мен ықтимал заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Үнемделген және қайтарылған қаражат медициналық қызметтерді қаржыландыруға бағытталады.
Қазіргі уақытта елімізде мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар 68 медициналық ұйым тіркелген. Олардың әрқайсысының қаржылық жағдайы жеке қаралып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сауықтыру жоспарлары әзірленген.
Қаржы министрлігі 2026 жылдың соңына дейін медициналық ұйымдардың мерзімі өткен берешегін 17 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін қысқартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар ауруханаларға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылып, нақты көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем жасау мүмкіндігі кеңейтілуде. Медициналық көмектің көлемін шектейтін бұрынғы қаржыландыру тетіктерінен кезең-кезеңімен бас тарту көзделген.
Министрліктің мәліметінше, қолға алынған шаралар медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, жоспарлы емдеуді күту уақытын қысқартуға бағытталған.
Алдағы кезеңде МӘМС жүйесін қаржыландыру тәсілдері қайта қаралады. Атап айтқанда, медициналық қызмет құнын есептеу кезінде аурудың күрделілігі мен емдеу нәтижесі ескерілмек.
Сондай-ақ қаржыландыру жүйесі пациенттің диагностикадан бастап емделуіне, оңалтуына және кейінгі медициналық бақылауына дейінгі барлық кезеңді қамтуы тиіс.
Қаржы министрлігі қаржылық бақылауды күшейту бойынша алғашқы кезеңнің міндеттері орындалғанын мәлімдеді. Ендігі басты мақсат – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету.