МӘМС болмаса да, емханаға тегін қаралуға болады: 2027 жылы не өзгереді?

МӘМС болмаса да, емханаға тегін қаралуға болады: 2027 жылы не өзгереді?
Фото: AI көмегімен жасалды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда медициналық сақтандыруы жоқ азаматтар емханаларда бірқатар тексеруден тегін өте алады. Олардың қатарында қан мен зәр талдауы, электрокардиограмма, флюорография және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) бар. Алайда бұл барлық медициналық қызмет тегін көрсетіледі деген сөз емес.

Қандай медициналық қызметтер тегін болады?

Жаңа ережеге сәйкес, сақтандыру мәртебесіне қарамастан азаматтар емханаға барып, жалпы практика дәрігерінің немесе терапевтің қабылдауында бола алады. Сондай-ақ фельдшер, мейіргер және акушердің көмегіне жүгінуге мүмкіндік беріледі. МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға мынадай тексерулер қолжетімді болады:

  • жалпы қан және зәр талдауы;
  • қан қысымын өлшеу;
  • бой мен салмақты анықтау, дене салмағының индексін есептеу;
  • жүрек жұмысын тексеретін электрокардиограмма (ЭКГ) және оның нәтижесін түсіндіру;
  • флюорография;
  • құрсақ қуысы мүшелері мен бүйректің кешенді ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ);
  • қандағы оттегі деңгейін өлшеу (пульсоксиметрия);
  • көз ішіндегі қысымды өлшеу;
  • ағзаның жұмысын бағалауға арналған функционалдық сынамалар.

Дегенмен аталған тексерулердің барлығы пациенттің қалауы бойынша бірден жүргізілмейді. Алдымен медицина қызметкері оның денсаулық жағдайын бағалап, қандай зерттеу қажет екенін анықтайды. Мәселен, УДЗ тек медициналық көрсетілім болған жағдайда тағайындалады.

Емханаға бірнеше рет тегін қаралуға бола ма?

Министрліктің түсіндіруінше, жаңа тәртіп тек алғашқы қабылдаумен шектелмейді. Азаматтар жыл бойы емханаға бастапқы медициналық көмек алу үшін жүгінген сайын қажетті базалық тексерулерден өте алады.

Бұл ретте адамның МӘМС жүйесінде сақтандырылғаны немесе сақтандырылмағаны маңызды емес. Сондай-ақ оның диагнозы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кірмесе де, бастапқы медициналық көмек көрсетіледі.

Қазір сақтандыруы жоқ азаматтар негізінен ТМККК шеңберіндегі қызметтерді ғана пайдалана алады. Жалпы практика дәрігері мұндай пациентті қабылдағанымен, кепілдік берілген пакетке кірмейтін кейбір қарапайым тексерулерді тегін тағайындай алмайды. 2027 жылдан бастап осы шектеуді алып тастау көзделіп отыр.

Ауру анықталса, әрі қарай емделу тегін бола ма?

Бастапқы тексерудің тегін болуы барлық медициналық қызмет сақтандырусыз көрсетіледі дегенді білдірмейді.

Егер тексеру кезінде қандай да бір ауру анықталса, пациентке көрсетілетін көмектің көлемі оның қай медициналық пакетке жататынына байланысты болады.

Мәселен, әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу, диагностикасы мен емдеуге қатысты мемлекет кепілдік берген қызметтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болып қалады.

Ал ТМККК тізіміне кірмейтін қосымша зерттеулерден өту, жоспарлы түрде ауруханаға жату және басқа да медициналық қызметтерді тегін алу үшін МӘМС мәртебесі қажет. Яғни сақтандырылмаған азаматтар бастапқы тексеруден тегін өткенімен, кейінгі емдеу мен қосымша диагностика үшін сақтандыру жүйесіне тіркелуі мүмкін.

Медициналық сақтандыру мәртебесін қалай қалпына келтіруге болады?

МӘМС жарнасын уақытында төлемеген азаматтар сақтандыру мәртебесін қайта қалпына келтіре алады.

Ол үшін төленбеген кезеңнің берешегін өтеу қажет. Бұл ретте төлем жасалған күнге дейінгі ең көбі 12 айдың жарнасы есепке алынады.

Дербес төлеушілер үшін ай сайынғы жарна тиісті жылға белгіленген ең төменгі жалақының 5 пайызына тең.

Ал жұмыссыз немесе тұрақты табысы жоқ азаматтар тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар тиісті мәртебесін рәсімдеу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіне алады.

Жеңілдікті санаттарға жататын азаматтардың МӘМС жарнасын мемлекет төлейді. Ол үшін олардың мәртебесі мемлекеттік ақпараттық жүйелерде тіркелуі тиіс.

Қазақстанда қанша адам медициналық сақтандырусыз жүр?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда Қазақстанда 17 912 298 адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Ал 2,7 миллион азаматтың медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ.

Бұдан бөлек, ведомство 410,5 мың адамның емханаларға тіркелмегенін және өңірлер бойынша бөлінбегенін хабарлады.

Жаңа өзгерістер ең алдымен осы сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі неге өзгеріп жатыр?

Медициналық қызметтерді қаржыландыру тәртібіндегі өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған заңға байланысты.

Қазақстан 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың аралас үлгісінен негізінен сақтандыруға сүйенетін жүйеге көшуді жоспарлап отыр.

Осы мақсатта 2026-2027 жылдары шамамен 700 миллиард теңгенің медициналық міндеттемелерін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен МӘМС жүйесіне кезең-кезеңімен ауыстыру көзделген.

Соған сәйкес республикалық бюджет шығындары қайта қаралып, бірқатар медициналық қызмет сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады.

МӘМС пакеті ТМККК-ға кірмейтін созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларға қатысты медициналық көмекті, сондай-ақ басқа да қызметтерді қамтиды. Ал бастапқы медициналық қабылдау мемлекет кепілдік беретін пакетте сақталады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерістер азаматтардың медициналық тексерулерге қолжетімділігін арттырып, емханаға жүгінудегі кедергілерді азайтады деп есептейді.

Осылайша, 2027 жылдан бастап сақтандыруы жоқ қазақстандықтар да емханада дәрігерге қаралып, медициналық көрсетілім бойынша негізгі талдаулар мен диагностикалық тексерулерден тегін өте алады. Алайда күрделі зерттеулер мен жоспарлы емнің бір бөлігі үшін МӘМС мәртебесі бұрынғыдай қажет болады.

Оқи отырыңыз